ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Құранның бөлек-бөлек түсуінің сыры мен даналығы неде?

Құранның бөлек-бөлек түсуінің сыры мен даналығы

Құранның бөлек-бөлек болып түсуіндегі сыр мен даналық өте мол. Олардың ең маңыздылары ретінде төмендегілерді атауға болады:

Бірінші даналық. Алла елшісінің () жүрегіне тоқтау салып, оның () жан дүниесін бекіту, көңіліне қуаныш кіргізу.[1]

Уахидің жаңарып, үзілмей түсіп отыруы және періштемен жиі кездесуі Мұхаммед пайғамбардың () жүрегін қуанышқа бөлеп, ол өзінің әрдайым иләһи қамқорлықта екендігін сезінеді.

Алла елшісі () пайғамбарлық міндет жүктелгеннен кейін адамдарды Аллаға иман келтіруге, Оның шариғатымен жүріп, Одан басқаға құлшылық қылудан бас тартуға шақыруға бел шеше, білек сыбана кірісті. Алайда оған() бұл міндетті орындау оңайлыққа түспеді. Адамдар оның дағуатынан үрікті, оның айтып жүргендерін жақтырмастар,ұнатпайтын кейіп танытты. Тіпті өзінің ең жақын туған-туысқандары да оны "ақымақ, жынды, есінен адасқан" деп, адам төзгісіз азаптармен азаптады. Оның жалғыздығын, оған иман келтіргендердің әлсіздігін пайдаланып, ойларына келгендерін істеп, кез келген жолмен оның дағуатына кедергі жасауға тырысты. Міне, осындай қиын-қыстау кезде уахидің үздіксіз келіп тұруы оған жұбаныш, медет болды. Пайғамбар ()бар ықыласымен қанша тырысса да, адамдардың көпшілігі оның айтқандарына құлақ аспастан, тіпті оны мазаққа айналдырғандарына жүрегі қынжылатын. Сонда Алла тағала оның көңілін орнына түсіру үшін "Мүмкін сен олардың бұл әңгімеңе имам келтірмесе, арттарынан кейіп өзіңнің жоя жаздайсың"[2] деген аятты түсірген.

Алла тағала Мұхаммед пайғамбарға () оған дейінгі пайғамбарларды да өз қауымдары азаптап, олардың айтқандарын жалғанға шығарғандары туралы ескертіп, оны да сол пайғамбарлар сияқты сабырлы болуға үндеген. Алла тағала: "Біз өзіңді олардың айтып жатқандары көңілсіз жайға түсіретінін білеміз. Расында, олар – сені жалғанға шығарушылар емес,  бірақ олар – Алланың белгілерін (дәлелдерін, аяттарын) мойындамаушызалымдар. Саған дейінгі елшілер де жалғанға шығарылған. Олар жалғанға шығаруларында және азапқа ұшырауларында Біздің жеңісіміз жеткенше сабыр сақтаған"[3] және"Егер сені жалғанға шығарса, саған дейін анық дәлелдермен, нұсқалармен және нұр шашқан Кітаппен келген елшілер де жалғанға шығарылған",[4] – деген. Мұхаммед пайғамбар () Раббысының"Елшілерден майталмандар сабыр сақтағандай сабыр сақта"[5] деген әмірі түскеннен кейін, өзінің иләһи пананың саясында екендігін сезініп, дін жаулары келтірген барлық азап түрлеріне сабыр сақтаған. Алла тағала: "Сенің жүрегіңді бекіту үшін елшілердің хабарларынан қисса етіп айтамыз", – деп пайғамбарлардың қиссаларын Құран Кәрімде Мұхаммед пайғамбардың () жүрегін бекіту үшін сол қиссалардың және мұсылман үмбетіне үлгі болуы үшін келтіргендігін анық айтқан.

Мұхаммед пайғамбарға () адамдардың өзін өтірікші деп айыптаулары ауыр тиді, оның жүрегін сыздатты. Сонда Алла тағала оны () жұбату және қолдау үшін әрі оған жала жапқандарға ескерту ретінде "Олардың сөзі сені жабырқатпасын (уайымға салмасын). Расында, Біз олардың нені жасырып, нені жариялағандарын білеміз"[6] және "Олардың сөзі сені жабырқатпасын (уайымға салмасын). Расында,бүкіл үстемдікАллатыкі. Ол – Естурші, Білуші"[7] деген аяттарды түсірген.

Алла тағала Мұхаммед пайғамбардың () көңілі орнына түсіп, жүктелген міндетті толық орындап шығуы үшін оны адамдардың келтіретін жәбірлері мен зұлымдықтарынан сақтауға кепілдігін берген.

Алла тағала Мұхаммед пайғамбарға (): "Ей, елші! Саған Раббыңнан түсірілгенді жеткіз. Егер оны істемесең, Оның елшілігін жеткізбеген боласың. Алла сені адамдардан қорғайды. Расында, Алла кәпір қауымды тура жолға салмайды",[8] – деп, жүктелген міндетті адамдардың сөзіне және әрекетіне қарамай, толық еш бүкпесіз тура жеткізуді есіне салып, оны Өзінің кепілдігімен сүйіншілеген.

Алла тағала елшісіне: "Алла сені ұлы жеңіске жеткізеді",[9] – деп, дін дұшпандарына қарсы күресте елшісінің жеңіске жететіндігін де алдын-ала хабарлайды.

Алла тағала: "Кәпір болғандар: "Егер оған Құран бірден толығымен түскенде", – дейді. Осылайша[10] сенің жүрегіңді бекіту үшін және оны мураттал етіп оқыдық", – деген.

Мінеке, айналада болып жатқан оқиғалардыңМұхаммед пайғамбардың () көңіліне қаяу түсірмеуі үшін, әрі оның жүрегіне сенімділік пен тыныштық орнауы үшін  уахи бөлек-бөлек түскен болатын. Міне, бұл аят "не үшін Құранның барлық сүрелері мен аяттары бірден түспеді?" деген кәпірлердің сұрағына Алла тағаланың берген жауабы болатын.

Екінші даналық. Құранға сенбейтіндерге айқын дәлел және муғжиза.

Мұхаммед пайғамбардың () пайғамбарлығына, оған () Жаратушы Жаппар Иенің тарапынан уахидің келетіндігіне күмәнданған мүшріктер мен кәпірлер оған сансыз ауыр сұрақтар қоятын, адам баласың қолынан келмейтін кереметтерді көрсетуді талап ететін. Әр кез осындай талаптар мен сұрақтарға жауап ретінде уахи түсіп отырған. Бұл – Құранның бөлек-бөлек түсуінің тағы бір даналығы. Мысалы, адамдар одан () "Қиямет қашан болады?" және "Бізге ескерту ретінде айтып жүрген азабың қашан болады?" деген сияқты мүшріктер мен кәпірлердің айтқан күмәндары мен келтірген шектеріне қарсы жауап ретінде аяттар мен сүрелер кезек-кезек түсіп тұрды және олардың келтірген уәждерінің ақылға қонымсыз, өте таяз екендігін дәлелдеп отырды. Сол арқылы тура жолда келе жатқан мұсылмандарға адасуда жүрген көпқұдайшылардың ахуалдарын баяндап берді. Кез келген пенденің жүрегі күнәлардан, нәпсінің сыбырлауларынан, шайтанның азғыруынан әрдайым тазаланып тұруы керек. Сондықтан бөлек-бөлек түсіп жатқан аяттар ақ жаңбырдың тамшысындай жүректерді кезек-кезек жуып-шайып тұрғандай болды.[11]

Алла тағала: "(Олар) саған бір мысал келтірсе, Біз саған ақиқатты және көркем түсінікті әкелеміз",[12] – деген. Яғни Алла тағала адамдардыңМұхаммед пайғамбарға () қойған кез келген мәнді-мәнсіз қисынды-қисынсыз сауалдарына лайықты әрі тек шындықты қамтыған жауап қайтарады. Әрі ол жауаптың мағынасы адамдардың қойған сұрақтарынан әлдеқайда жақсы болатын.

Құранның бөлек-бөлек түсуінің бұл даналығына қатысты Абдуллаһ ибн Аббас (Алла әкесі екеуіне разы болсын): "Мүшріктер бір нәрсе ойлап тапса, Алла оларға жауапты тауып қоятын", – деген.[13] Яғни мүшріктердің Мұхаммед пайғамбарды () сүріндіру үшін ойлап тапқан кез келген сұрағы мен талаптарына Алла тағаланың беретін жауабы әрдайым дайын болған және ол жауап мүшріктердің қисынсыз сұрақтарына қарағанда пайдалы әрі тек қана ақиқатты қамтитын.

Үшінші даналық. Жаттауға және түсінуге жеңіл болу.

Құран Кәрім біздің эрамыздың VII ғасырында жазу мен сызуды білмейтін, бірақ есте сақтау мен жаттау қабілеті өте жоғары үмбетке түсті. Бірақ Алла тағаланың Қияметке дейін муғжиза болып қалатын Кітабы бірден түссе, оны сол қалпы бірден жаттап алуға және түсінуге ешкімнің, тіпті есте сақтау мен жаттау қабілеті жоғары деп саналған сол үмбеттің де шамасы келмес еді. Құран Кәрім – тілі көркем, мағынасы терең, астарлы мағыналарға толы, шебер реттелген иләһи сөз. Оның қадір-қасиетін, тылсым сырларын түсіну ұзақ уақыт бойы ыждаһаттылықпен зерттеуді, ерекшеліктеріне терең үңілуді талап етеді. Сондықтан Құранның бөлек-бөлек түсуі көкейге қонымды, көкіректе жеңіл жатталатын. Сахабалар Алла елшісіне () түскен әрбір аятты жаттап, олардың мағыналарына терең үңіліп, түсінбеген тұстарын Пайғамбардан () сұрап отыратын және түсінгендеріне сай Құранда келген Алланың үкімдерін іске асырып отыратын. Сахабалардың Құранды осылай үйренуі кейінгі мұсылмандарға дәстүр болып қалыптасты. Бұл – Құран Кәрімді үйренудегі және үйретудегі ең тиімді тәсіл.Оған төмендегі сахабалар мен табиғиндерден[14] жеткен хабарлар дәлел болады.

Омар (Алла оған разы болсын): "Құранды бес-бес аяттан үйреніңдер. Өйткені Жәбірейіл Пайғамбарға () Құраннан бес-бес аяттан түсіріп отырған", – деген.[15]

Әбу Надра: "Әбу Сағид әл-Худри (Алла оған разы болсын) бізге Құраннан таңертең бес аятты, түске бес аятты, кешке бес аятты үйрететін және Жәбірейілдің Құранды бес-бес аяттан түсіргендігін айтатын", – деген.[16]

Халид ибн Динар: "Бізге Әбу әл-Алия: "Құранды бес-бес аяттан үйреніңдер. Өйткені Пайғамбар () Жәбірейілден оны бес-бес аяттан алатын", – деді", – деген.[17]

Сондықтан кейбір ғалымдар: "Құранды бес-бес аяттан үйренген ұмытпайды", – деген.[18]

Төртінші даналық.Құранның оқиғалармен байланысты түсуі және шариғаттың сатылай өрлеуі.

Алғашқы уақытта Құран Кәрім Алла тағалаға, періштерлеріне, кітаптарына, елшілеріне, ақырет күніне иман келтірудің негіздерін, қайта тірілу, бұ дүниеде жасаған амалдардың есеп беру, жаннат пен тозақ, сырат көпірі сияқты Ислам дініндегі өте маңызды тақырыптарды қамтыды. Бастапқыда Құран Кәрімадамдардың жүректерінде тереңнен орын алып, сүйектеріне дейін сіңген пұттарға сену мен оларға мінәжат етуді  жоюды, олардың орнын Жалғыз Жаратушыға иман келтірумен, тек Алла тағалаға иман келтірумен алмастыруды мақсат тұтты. Сондықтан бұл кезде шариғаттың жекелеген үкімдері туралы аяттар түспейтін.

Сонымен қатар сол кезеңде адамдарда әдетке айналған жаман мінез-құлықтар мен әдепсіз салттардан арылту қажет еді. Өйткені жәһилият дәуірінде арабтарда әйел адамдарды құрметтемеу, оларды төмен сатыдағы адамдар деп есептеу, туылған қыз сәбилерді тірідей көму, өлтірілген бір адамның құны үшін бүкіл тайпа адамдарын қырып салу, сол үшін қаншама жылдарға созылған қанды қақтығыстарға бару арабтардың салтына айналған еді.

Ғасырлар бойы жалғасып, халықтың жүрегіне ендеп, әдетке айналған жаман мінез-құлықтардан арылып, оның орнына көркем мінездерді бойларынасіңіру үшін Ислам дініне жаңа кірген адамдарға біршама уақыт керек еді. Оған қоса, аяттарда белгіленген нақты шариғат үкімдеріне амал қылу үшін де белгілі мерзім қажет болатын. Егер шариғаттағы барлық парыздар мен уәжіптер бір уақытта түсіп, күллі күнәлар мен жаман істерге бір мезетте тыйым салынғанда, мұсылмандар үшін үлкен машақат туындап, олардың барлығын орындау мүмкін болмас еді.[19]

Исламның негізгі ұғымдары мұсылмандардың жүректерінен берік орын алғаннан кейін ғана шариғаттың халал мен харамға, бұйрық пен тыйымға қатысты үкімдері түсе бастады және бұл үкімдерге бағыну мұсылмандарға қиындық тудыра қойған жоқ. Мысалы,

Алла тағала: "Зинақорлыққа жақындамаңдар! Өйткені ол арсыз іс және жол жаман", – деп, зинақорлыққа Меккеде тыйым салған. Ал зинақорлықтың жазасы туралы үкімдерді қамтыған аяттар Мәдина қаласында түскен.

Өсімқорлық (риба) жайлаған сол ғасырдағы Мекке қаласында алғаш рет зекет, садақа берудің жалпы үкімі түскен. Ал оның жекелеген үкімдері мен өсімқорлыққа толығымен тыйым салынған аят Ислам діні адамдардың жүректерінен нық орын алған Мәдина қаласында түскен.

Бұған "Әсбәб ән-нузул" тақырыбында айтылған араққа тыйым салған аяттардың түсуін де мысал ретінде келтіруге болады.

Айша анамыз (Алла оған разы болсын): "Алғашқыда жаннат пен тозақ туралы сөз етілген муфассал сүрелер түсе бастады. Адамдар Исламға оралғанда халал мен харам түсті. Егер "Арақ ішпеңдер" бірінші түскенде, адамдар: "Біз арақты ешқашан тастамаймыз", – дер еді. Егер "Зина жасамаңдар" бірінші түскенде, адамдар: "Біз зинаны ешқашан тастамаймыз", – дер еді" – деген.[20] Осы риуаят Құран аяттарының оқиғалармен байланысты бөлек-бөлек түсуінің және шариғаттың сатылай өрлеуінің тылсым даналығын айшықтап береді.

Бесінші даналық. Құран Кәрім Алла тағаланың түсірген сөзі екендігіне айқын дәлел.

Құран Кәрім аяттары мен сүрелері әртүрлі оқиғаларға қатысты, алуан түрлі үкімдерді қамтып, жиырма үш жыл бойы кезек-кезек түсіп тұрса да, барлық аяттардың бір-бірімен іштей таңғажайып байланысып, мағыналық бірлік пен ерекше тәртіпке негізделгені, мазмұндық ұштасуы мен үйлесімділігі – пенденің сөзі еместігінің айқын дәлелі. Ол – осы ғаламды зәредей де кемшіліксіз жаратқан Алланың сөзі. Алла тағаланың сөзінен ешкім ешқандай кемшілік яки нұқсан таба алмайды.[21]

Алла тағала:"ӘлифЛәмРа. Ол – аяттары шебер бекітілген, сосын Дана әрі барлығынан Хабардар тарапынан толық баян етілген Кітап",[22] – деген.

Адам баласының, тіпті Мұхаммед пайғамбар () немесе басқа да кез келген тілінен бал тамған, дуалы ауызды ақынның сөзі әр жерде әртүрлі тәсілмен құралады. Ал Құран Кәрім жиырма үш жыл бойы бөлек-бөлек түссе де, алғашқы түскен аяты мен соңғы түскен аяты өзара керемет байланысып, бірдей тәсілмен берілген. Құранды зер сала оқыған кез келген жан  одан бірде-бір іштей қарама-қайшылық таба алмайды.

Алла тағала:"Құранды терең ойланбайма?! Егер ол Алладан басқа біреуден болғанда, одан көптеген қарама-қайшылықтарды табар еді",[23] – деп адамдарды Құранның осы ерекшелігіне мән беруге шақырады.

Барша адамзат, тіпті бүкіл жаратылыс жиналып Құранға тең келетін бірде-бір кітап жаза алмасы анық. Алла тағала Құранға күмән келтіргендерге бәс ретінде осындай бір кітапты жазуды ұсынған. Алайда ондай іс ешкімнің қолынан келмеген және келмейді де. Бұл – Құран муғжизасының бірегейі.

Алла тағала: "Айт: "Егер адамдар мен жындар осы Құран сияқтыны алып келуге жиналса, тіпті бір-біріне көмекші болса да ол сияқтыны алып келе алмайды",[24] – деген.


[1]М.Меңілбеков. Құран Кәрім ілімдеріне кіріспе. – Алматы: Әлбаракат ҚҚ, 2005. 14-бет.

[2]"Кәһф" сүресі, 6-аят.

[3]"Әнғам" сүресі, 33-34-аяттар.

[4]"Әлі Имран" сүресі, 184-аят.

[5]"Ахқаф" сүресі, 35-аят.

[6]"ЙаСин" сүресі, 76-аят.

[7] "Юнус" сүресі, 65-аят.

[8]"Мәидә" сүресі, 67-аят.

[9]"Фатх" сүресі, 3-аят.

[10]Яғни осылайша Құран аяттарын бөлек-бөлек түсірдік.

[11]М.Меңілбеков. Құран Кәрім ілімдеріне кіріспе. – Алматы: Әлбаракат ҚҚ, 2005. 15-бет.

[12]"Фурқан" сүресі, 33-аят.

[13]Абдулла ибн Аббастың "Исра" сүресінің 106-аятына қатысты айтқан бұл сөздерін имам ән-Нәсәи, Хаким ән-Найсабури және басқалар риуаят еткен.

[14]Табиғиндер – сахабалардың шәкірттері.

[15]Имам Әбу Бәкр Ахмад әл-Бәйһақи. Шуғаб әл-иман. Баспаға әзірлеген Мұхаммед әс-Сағид Басиуни Зағлул. – Бейрут: Дәр әл-кутуб әл-илмия. 1410 һ.ж. 2 том, 331-бет. Осы мағынаны беретін риуаят Әли ибн Әбу Талибтен де (Аллаһ оған разы болсын) риуаят етілген.

[16]Жәләлуддин әс-Суюти. Әд-Дәр әл-мәнсур. – Бейрут: Дәр әл-Фикр. 1993. 5 том, 346-бет.

[17]Имам Әбу Бәкр Ахмад әл-Бәйһақи. Шуғаб әл-иман. Баспаға әзірлеген Мұхаммед әс-Сағид Басиуни Зағлул. – Бейрут: Дәр әл-кутуб әл-илмия. 1410 һ.ж. 2 том, 331-бет.

[18]Имам Әбу Бәкр Ахмад әл-Бәйһақи. Шуғаб әл-иман. Баспаға әзірлеген Мұхаммед әс-Сағид Басиуни Зағлул. – Бейрут: Дәр әл-кутуб әл-илмия. 1410 һ.ж. 2 том, 331-бет.

[19]М.Меңілбеков. Құран Кәрім ілімдеріне кіріспе. – Алматы: Әлбаракат ҚҚ, 2005. 15-бет.

[20]Имам әл-Бұхари мен ән-Нәсәи риуаят еткен.

[21]М.Меңілбеков. Құран Кәрім ілімдеріне кіріспе. – Алматы: Әлбаракат ҚҚ, 2005. 16-бет.

[22]"Һуд" сүресі, 1-аят.

[23]"Ниса" сүресі, 82-аят.

[24]"Исра" сүресі, 88-аят.

 

Жоғары