ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Қудси хадис деген не?

С: Қудси хадис деген не?

Ж: Қудси хадис

Араб тілінен аударғанда "қудси" сөзі "қасиетті", "қастерлі" және "құрметті" деген мағыналарды береді.

Шариғат термині ретінде қудси сөзі "Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) Алла тағалаға теліген сөздері" деген мағынада қолданылады.[1]Яғни Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Алла тағаланың сөзін риуаят етуші қызметін атқарады. Мысалы,

1. Әбу Дарда мен Әбу Зәрр (Алла ол екеуіне разы болсын) Алла елшісінен(с.ғ.с.), ол Алла тағаладан (жеткізген қудси хадисте), Алла: "Ей, адам баласы! Маған күндіздің алғашқы бөлігінде төрт ракағат намаз оқы,[2](сонда) соңғы бөлігінде саған Мен жеткіліктімін", – деген.[3]

2. Алла елшісі (с.ғ.с.): "Алла тағала: "Мен құлымның мен туралы ойындағыдаймын. Ол мені есіне алса, Мен онымен біргемін. Егер мені ішінен еске алса, оны Өз ішімнен еске аламын. Ал егер мені көпшіліктің алдында еске алса, оны Мен одан да жақсы көпшіліктің ішінде еске аламын", – деді", – деген.[4]

Осы анықтамадан нәбәуи хадис пен қудси хадистің айырмашылықтары түсінікті болады. Яғни Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) "Алла айтты" деген мағынада келтірген хадистері қудси хадистер, ал Алла тағалаға телімей, өзі айтқан хадистері нәбәуи хадистер болып табылады.

 

С: Құран мен қудси хадистің айырмашылығы қандай?

Ж: Құран мен қудси хадистің айырмашылығы

Құранмен қудси хадистің біршама айырмашылықтары бар. Солардың ең маңыздылары:

1. Құран Кәрімнің сөзі де, мағынасы да Алла тағаладан. Оған ешкім, тіпті Жәбірейіл періште мен Мұхаммед пайғамбар да өз сөзін қоса алмайды. Алла тағала Құран Кәрімнің тілін, әрбір сөйлемін, сөзін, тіпті әрпіне дейін керемет үйлесімді етіп берді және оған күмәнданған арабтарға Құранның ең болмағанда он сүресін, оған шамалары келмесе бір сүресін осы сияқты көркем құрастыруды бұйырды.Алайда олардың Құран тілімен, мәнерімен, стилімен жазылған бір сүре де құрастыруға шамалары келмеді. Алланың бұл бәстесуі арабтармен қатар барша адамзатқа арналған және ол қияметке дейін жалғасады. Құран Кәрім кітабы жер бетіне түскелі, екінші бір Құран тәрізді туындыны ешқандай ақын да, жазушы да, жыршы да, термеші де, дуалы ауызды шешендерде жаза алмаған және жаза да алмайды. Құранның бұл кереметі мен адамдардың ондай туынды жазуға шарасыздық танытуы Құранның муғжизасы болып табылады.

Ал қудси хадистің мағынасы – Алладан, сөзі – Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с.).Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Алла тағала көкірегіне салғанмағынаны өз сөзімен жеткізеді. Сондықтан да қудси хадис Алланың сөзі емес. Бұл мәселеге қатысты ғалымдардың кейбіреулері басқаша пікірлер білдірген, ол туралы Құран ілімдеріне арналған кең ауқымды еңбектер мен зерттеулерде кеңінен түсіндірілген.

2. Құран Кәрім Алла тағалаға ғана телінеді, яғни оны "Алла айтты" деуге болады. Ал қудси хадисті "Алла айтты" және "Пайғамбардың Алладан риуаят етуінше" деп те айтуға болады.

3. Құран Кәрімнің барлық сүрелері мен аяттары бізге оның дұрыстығына ешқандай күмән тудырмайтын мутауатир жолмен жеткен. Сондықтан Құранның ешбір аятына күмән келтіруге болмайды. Құранның бір аятын жоққа шығару немесе оған күмән келтіру, бүкіл Құранның сүрелері мен аяттарын жоққа шығаруменнемесе оларға күмән келтірумен тең. Өйткені Алла тағала:

ﭧ ﭨ ﭽ ﭑ  ﭒ  ﭓ  ﭔ  ﭕ   ﭖﭗ  ﭘﭙ  ﭚ   ﭛ  ﭜ  ﭼالبقرة: ١ - ٢

"ӘлифЛәмМим. Ол кітапта күмән жоқ, (ол) – тақуаларға дұрыс жол көрсетуші", – деген.[5]

Ал қудси хадистердің көпшілігі бізге ахад[6] жолмен жеткен. Сондықтан қудси хадистің кейбірі сахих, кейбірі хасан, тіпті кейбірі дағиф болуы да мүмкін. Ал Құран Кәрімде мұндай күмән тудыратын ойларға жол берілмейді.

4. Жоғарыда айтылып кеткендей, Құран Кәрімнің барлық сөздері мен мағынасы Алла тағаладан, оған ешкімнің сөзі араласпаған және ол қияметке дейін осы қасиетін сақтайды. Өйткені Алла тағала:

ﭧ ﭨ ﭽ ﮗ  ﮘ  ﮙ  ﮚ      ﮛ  ﮜ   ﮝ  ﮞ   ﭼالحجر: ٩

"Расында, Зікірді (Құранды) Біз түсірдік және оны Біз қорғаймыз", – деген[7]. Сондықтан Құранды мағынасымен риуаят етуге болмайды. Бұл мәселеде ғұламалар ортақ пікірде. Барлық ғалымдар Құранды мағынасымен оқуға және риуаят етуге тыйым салған.

Ал қудси хадистердің мағынасы Алладан, сөзі Пайғамбардан (с.ғ.с.) болғаннан кейін, көпшілік ғалымдар оны мағынасымен айтуға және риуаят етуге рұқсат берген. Бірақ Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерінде сөзбе-сөз риуаят еткен абзал.

5. Құран Кәрім оқылуымен құлшылық етіледі. Ал қудси хадистерде мұндай сипат жоқ. Сондықтан намаз барысында Құран Кәрім сүрелері мен аяттарының орнына хадистерді оқуға болмайды. Ислам шариғатында Құран оқу құлшылыққа жатады және Құран оқығаны үшін арнайы сауап жазылады. Өйткені хадисте: "Кімде-кім Алла тағаланың кітабынан бір әріп оқыса, оған жақсылық жазылады. Ал бір жақсылық он еселенеді. Мен: "ӘлифЛәмМим" бір әріп", – демеймін. Бірақ "Әлиф" бір әріп, "Ләм" бір әріп, "Мим" бір әріп", – деген.[8]

Ал қудси хадистерді оқыған адамға арнайы он еселенетін сауап жазылмағанымен, оған да жалпы жақсы амалдың сауабы жазылады. Бірақ хадис оқыған адамға Құран оқыған адамға берілетіндей сауап берілмейді.

Шейх Мұхаммед Абдул-Азим әз-Зурқани Құран мен қудси хадистің айырмашылығы туралы: "Құранның муғжиза және оқылуымен құлшылық етілуі, міндетті түрде сөзбе-сөз жеткізілуі тәрізді қудси хадис пен нәбәуи хадиске тән емес сипаттары бар. Бұл айырмашылықтың хикметі муғжизаның Құран тілімен байланысында жатыр. Себебі Құранды мағынасымен жеткізуге рұқсат етілсе, оның муғжизасы жойылады және оған өзгерту мен ауыстырулар енген деген күмәнға қалар еді, әрі адамдар арасында шариғаттың басты дерек көзі мен оның түсірілуінде пікірталас туар еді. Ал қудси хадис пен нәбәуи хадистердің тілі муғжиза болмағандықтан, оларды мағынасымен риуаят етуге рұқсат етілген", – деген.[9]


[1]Субхи әс-Салих. Улум әл-хадис уа мусталахатуһ. 12-бет.

[2]Яғни Менің ризалығым үшін, шын ықыласыңмен духа намазын төрт ракағат етіп оқысаң, сенің қажетіңді іске асыруға, саған зиянды нәрселердің бетін қайтаруға Мен жеткіліктімін.

[3]Имам әт-Тирмизи риуаят еткен.

[4]Әбу Һурайрадан (Аллаһ оған разы болсын) әл-Бұхари мен Муслим риуаят еткен.

[5]"Бақара" сүресі, 1-2 аяттар.

[6]Ахад хадис – бір не екі адамның ғана риуаят еткен хадисі. Мұндай жолмен жеткен хадис дұрыс болса да, бір немесе екі ғана адам риуаят еткені үшін онда қателіктердің кетуі мүмкін, яғни ондай жолмен жеткен хадисте күмән болуы ықтимал. Ал мутауатир хадис бізге жүздеген адамдардың нақыл етуімен жеткеннен кейін, онда ешқандай күмән болмайды.

[7]"Хижр" сүресі, 9-аят.

[8]Әт-Тирмизи Ибн Масғудтан риуаят еткен.

[9]Мұхаммед Абдул-Азим әз-Зурқани. Манаһил әл-Ирфан фи улум әл-Құран. І том, 77-78-беттер.

Жоғары