ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Е-И

Елші (расул)  – жаңа шариғат уахи етіліп, соны халыққа жеткізу міндеті тапсырылған Алланың таңдаулы құлы, пайғамбар. Елшіге жаңа шариғат жүктелетіндіктен, оның дәрежесі пайғамбардан жоғары деп есептеледі.

 

Ж

Әл-Жаббар – Алла тағаланың есімі. Мағынасы: Өктем; Түзетуші. Яғни Ол мұқалған жүректерді тәртіпке келтіріп, түзетеді, әлсіздер мен дәрменсіздерді қолдап қуаттайды және Өз қамқорлығын паналағандарға жәрдем береді.

Жазм  – нақты шешім. Хадис ілімінде сәнәдтағы рауилердің арасын жалғастыратын сөздер «жазм» деп аталады. Мысалы:  айтты,  риуаят етті,  жетті және  пәленшеден деген сияқты екінші рауидің алғашқы рауиден хадисті анық алғандығын білдіретін сөздер. Бұл сөздер көбінесе сахих (дұрыс, күшті) хадистер сәнәдінде қолданылады. Қара:  әл-муғаллақ.

Жазмыш – тағдыр. Алланың әрбір жаратылыстың маңдайына жазған тағдыры.

Жаид  – жақсы. Хадис ілімінде егер хасан ли зәтиһидің (өздігінен хасан, жарамды хадис) дәрежесі сахих хадистің дәрежесіне жақындаса «жаид» деп аталады. Бұл жағдайда жаид хадис сахих хадистен төмен дәрежеде болады.

Жайз  – рұқсат, шариғатта бір істі орындауға берілген рұқсат.  

Жайнамаз – намаз оқығанда қолданылатын төсеніш.

Жалбарыну – барлық күнәлар үшін тәубеге келу және бүкіл жақсы  іс-амалдар мен сөздер арқылы Аллаға ұмтылу.

Жамағат  – көпшілік; көзқарастары ортақ бір топ адам.

Жамағат намазы  – мешітте не т.б. орындарда көпшілікпен бірге оқылатын намаз. Мысалы, күнделікті бес уақыт парыз, жұма, айт, тарауих, истисқа намаздары жамағатпен оқылады.

Жамарат  – қажылар құрбандық шалу күні және одан кейінгі үш күнде Мина үстіртіндегі тас ататын бағаналар. Бұлар үш бағанадан тұрады: жамратус-суғра  немесе жамратуд-дуния (кіші бағана) , жамратул-уста (орта бағана)  және жамратул-ақаба (үлкен бағана) .

Жамғ  – Муздалифаның екінші атауы. «Жамғ» араб тілінде жинау деген мағына береді. Өйткені қажылар Муздалифада шам мен құптан намаздарын қосып оқиды. Сондықтан бұл жер «жамғ» деп аталады.

Жамғ түні – қажылар Арафатта тұрғаннан кейін Муздалифада түнейтін түн.

Жамиғ мешіт (Жәми мешіт)  – жұма намазы оқылатын үлкен мешіт.

Әл-Жамиғ әс-Сахих  – сахих хадистер жинағы.

Жамиғ (жауамиғ)  – жинаушы, жинақ. Бұл Ислам дінінің ақида, фиқһ, сира сияқты барлық салаларын қамтыған хадис жинағы. Мысалы: Имам әл-Бұхаридің «» (әл-Жамиғ әс-сахих) кітабы.

Жаназа  – өлген адамды ақтық сапарға шығарып салу рәсімдері. Бұл сөз көбіне мәйітке жаназа намазын оқуға қолданылады.

Жаназа намазы  – қайтыс болған мұсылманға жамағатпен оқылатын намаз.

Жаннат  – Алланың мұсылман құлдарына ақиретте дайындаған құтты әрі мәңгілік мекені.

Жаңбыр сұрау (истисқа) намазы  – құрғақшылық болғанда Аллаға жалбарынып, жаңбыр сұрап оқылатын екі ракағат намаз.

Жаратушы  – бүкіл әлемді жаратқан және оның иесі, Алла.

Жарх  – сәнәдта келген рауилердің сипаттарын зерт­теп, олардың кемшіліктерін анықтап, хадистерін жарамсыз ету.

Жаһаннам (жәһаннәм)  – тозақ атауларының бірі.

Жәбрия  – адасқан ағымның атауы. Бұл ағымның түсінігі бойынша, адам барлық амалдарын мәжбүрлі түрде жасайды, оның ешқандай еркіндігі мен ықтияры жоқ.

Жәбірейіл  – пайғамбарларға Алладан уахи жеткізуші ең ұлы періште. Оның «Рух» және «Әр-Рух әл-әмин» деген де аты бар.

Жәлләлә  – нәжіспен қоректенген мал. Ислам шариғатында жәлләләнің бойындағы нәжіс тазарғанша оның етін жеуге болмайды.

Жәми мешіт  – жұма намазы оқылатын үлкен мешіт. Қара: Жамиғ мешіт.

Жәһәләту әс-сахаби  – сахабаны білмеу. Сахабалардың барлығы әділ және сенімді деп есептеледі. Сол үшін сәнәдтағы сахабаны білмеудің еш зияны жоқ. Және ол хадистің сахихтығына әсер етпейді.

Жәһәлә  – білместік. Хадис ілімінде қолданылатын термин. Ол рауидің өзін немесе қал-жағдайын білмеу. Яғни ол рауи туралы жарх және тағдилде (сынау және ақтау) не айтылғандығын білмеу. Білместіктің екі түрі бар:  (мажһул әл-айн) рауидің өзін білмеу және  (мажһул әл-хәл) рауидің жағдайын білмеу. Рауиді білмеудің үш себебі болады:

1) Рауидің көп сипаттары болса.

2) Риуаяттары аз болса.

3) Рауидің атын ашып айтпаса. Егер де рауиден бір ғана адам (басқа рауи) риуаят етсе, оны «рауидің өзін білмеу» деп атаймыз. Егер де рауиден екі немесе одан да көп адамдар риуаят еткен болса, бірақ ол рауидің сенімді екендігі анықталмаған болса «рауидің жағдайын білмеу» деп атаймыз.

Жәһилия  – қараңғылық, надандық. Жәһилия заманы – Ислам діні келгенге дейінгі кезең.

Жәһмия  – Алла тағаланың есім-сипаттарын мойындамай, оларды жоққа шығарған адасқан ағым. Бұл ағымның негізін әл-Жаһм ибн Сафуан қалаған.

Жебе тартысу  – арабтар жәһилият дәуірінде бір мәселе бойынша пікірталасқа түскен адамдардың арасындағы дауды шешу үшін қолданған тәсіл. Арабтарда ер кісілер арасында дау-дамай, талас-тартысты шешу үшін әрқайсысы жебеге есімдерін жазып, оларды араластырып, сосын жебе суырысатын.

Жеребе  (қурға) – бірдеңеге кезек алу үшін не арадағы дауды әділ шешу үшін біртүстес нәрсені жасырын алудың атауы.

Жизя  – мұсылман мемлекетінде тұрған кітап иелерінің (яһуди және христиан) мұсылман үкіметіне төлейтін жан салығы.

Жимағ  – жыныстық қатынас.

Жинаят  – шариғат бекіткен заңды бұзу, қылмыс жасау.

Жиһад  – жиһад, күрес. «Жиһад» сөзінің тілдік мағынасы күрес, қайраткерлік, бар күш-жігерін жұмсау дегенді білдіреді. Ал шариғатта Жиһад – Алла тағаланың сөзі ұлық болу үшін жан-тәнімен, бүкіл байлығын жұмсап, тер төгіп, қызмет ету, Алла жолында күресу, қайраткерлік таныту. Имам Ибн Хажар әл-Асқалани: «(Жиһад дегеніміз) – кәпірлерге қарсы күреске күш-жігер жұмсау. Сондай-ақ бұл сөз өз нәпсісімен күресу, шайтанмен күресу, зұлымдықтармен күресу мағыналарында да қолданылады. Нәпсімен күресу туралы айтар болсақ, ол дін істеріне қатысты ілім үйрену мен алған ілімді амалға қолдану және бұл ілімді басқаларға жеткізуде көрініс табады. Ал шайтанмен күресу – шайтан адам көңіліне салатын күмәнге және шайтан әдемі көрсеткен шақуаттар мен ләззаттарға қарсы тұрудан тұрады. Кәпірлермен күрес қолмен (яғни соғыспен), қаржылай, тілмен не жүрекпен (яғни олардың әрекеттеріне қатысты ашық немесе құпия тілмен не жүрекпен көзқарасын білдіру арқылы) іске асады. Ал зұлымдықтармен күрес алдымен қол (яғни күш-қуат), сосын тіл, сосын барып жүрек арқылы болады», – деп түсіндіреді. Демек, жиһад тек қарулы соғыстан тұрмайды, оның ауқымы кең. Ал қарулы соғысқа келсек, ол шынайы ниет, түзу мақсатта ғана дұрыс болып табылады. Бұған қоса қарияларды, әйелдер мен балаларды және бейбіт дін қызметкерлерін өлтірмеу сияқты бірқатар тыйымдарды ұстану тиіс.

Жуз'  – бөлім, бөлік. Хадис рауилерінің бірінің ғана риуаяттарын қамтыған немесе бір ғана тақырыпты терең зерттеу үшін жазылған кітап.

Жумадә ахира  – ай күнтізбесі бойынша 6-шы айдың аты.

Жухфа (Рабиғ)  – Мекке мен Мәдинаның орта тұсындағы, Мәдинаның оңтүстік-батысында шамамен 250 шақырым қашықта Қызыл теңіз жағалауына жақын орналасқан елді мекен. Ол Сирия, Палестина, Ливан және Иордания тұрғындары үшін ихрамға кіретін жер, миқат болып табылады.

Жұма намазы  – аптасына бір рет жұма күні бесін намазының уақытында жамағатпен оқылатын намаз. Ол төрт ракағат сүннет, екі ракағат парыз және төрт ракағат сүннет намаздан тұрады. Көп жағдайда «жұма намазы» деп тек парыз намазы меңзеледі.

Жұмақ – жаннаттың бір аты.

Жүніптік  – ғұсыл құйынуды міндеттейтін жыныстық қатынастан кейінгі немесе басқа да себептерден денеден мәнидің шақуатпен бөлінгенінен кейінгі адамның жағдайы.

Жүніп  – жыныстық қатынастан немесе ихтиләм болғаннан кейін және басқа да себептермен денесінен шақуатпен мәни бөлінген соң жуынбаған адам.

Жын  – Алла тағаланың түтінсіз оттан жаратқан, әртүрлі бейнеге ене алатын, адамдар секілді таңдау еркі бар, саналы мақұлық. Жындар да мұсылман және кәпір болып бөлінеді.

 

З

Забур  – Алла тағаланың Дәуіт пайғамбарға түсірген кітабы.

Заққум (заққұм)  – тозақтағы күнәкарлар азық ететін жемісі удай ащы ағаш.

Замана – Ислам құқығындағы кепілдік түрі; қарыз алушы қарыз берушіге қарызын уақытылы қайтара алмаған жағдайда қарыздар кісінің жауапкершілігін басқа біреудің өз мойнына алып, төлеуге міндеттенуі.

Заманақыр – ақырзаман.

Заһири  – Құран мен хадистерде келген мағыналар­дың астарына, ауыспалы мағыналарына мән бермей, тікелей мәтіннің сыртқы мағынасына сүйеніп үкім шығаратын ағым.

Зәбір – жапа, қорлық, азап.

Зәм сүресі – намазда «Фатиха» сүресінен кейін оқылатын кез келген сүре. Зәм қазақ тіліне араб тіліндегі «дамма» (қосу) деген сөзінен дыбыстық өзгеріске еніп кірген сөзі.

Зәмзәм  – Исламның негізгі мешіті Мәсжид әл-Харамның аймағында Қағбаға тақау жердегі қасиетті бұлақ.

Зәннәм – жаһаннам, тозақ, о дүние.

Зәту Ирқ  – Ирак тұрғындары үшін ихрамға кіретін жер, миқат. Қара: миқат.

Зәтун-Нитақайн  – Әбу Бәкірдің қызы Әсмәнің (Алла әкесі екеуіне разы болсын) лақап аты. Бұл теңеу «қос белбеудің иесі» деген мағынаны білдіреді. Себебі ол Пайғамбар (с.ғ.с) мен Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) Мәдинаға қоныс аударар кезде белбеуінің бір бөлігін жыртып алып, оларға арнап жол азық салынған қапшықтың аузын байлаған.

Зекет  – зекет. «Зекет» сөзі араб тілінде «өсу», «көбею», «тазалану» және «мақтау» деген мағыналарды береді. Ислам шариғатында зекет – жылына бір рет байлығы нисапқа толғандардың Құранда аты аталған адамдарға беретін байлығының белгілі мөлшері. Ал фиқһ ғылымында зекет деп – Алла ризалығы үшін белгілі байлықтың белгілі мөлшерін белгілі адамдарға иелендіруді атайды. Зекет – Ислам діні тіректерінің бірі. Зекет – өзінің негізгі қажетінен артық, нисапқа толған байлығы бар және қарызы жоқ балиғат жасына толған, ақыл-есі бүтін әрбір мұсылманға парыз. Зекет ақшадан, алтын-күмістен, тауардан, бидай, арпа, құрма және т.б. дәнді дақылдар мен төрт түлік малдан беріледі. Құранда зекеттен алынған дүние-мүлік кедей-кепшіктерге, міскін-бейшараларға, зекет жинаушыларға, Исламға көңілі бұрылушыларға (оларды Исламға тарту немесе имандарын орнықтыру үшін), құлдарды азат етуге, алған қарызын өтеуге мүмкіндігі жоқ адамдарға, Алла жолындағыларға және қаржысы таусылған жолаушыларға берілуі тиіс екені айтылған («Тәуба» сүресінің, 60-аятын қараңыз).

Зикр (Зікір) – Құран Кәрім кітабының бір аты. «Зикр» сөзі араб тілінде «еске алу», «үгіт» және «құрмет» (шараф)  деген мағыналарды береді.  Алла тағала: «Расында, Зікірді Біз түсірдік және оны Біз қорғаймыз», – деген [«Хижр» сүресі, 9-аят].

Зиммә  – мұсылмандардың яһуди мен христиан діні өкілдерін қол астыларында ұстап, олардан жизя алып тұруы. «Зиммә» сөзі араб тілінде «қамқорына алу», «қарамағына алу», «мойнына алу» деген мағыналарды береді.

Зиммәдағылар – мұсылмандардың қол астында жизя төлеп тұратын яһуди және христиан дініндегілер осылай аталады.

Зимми  – мұсылман мемлекетінде тұратын христиан немесе яһуди. Шариғат заңы бойынша, олар мұсылмандарға байлықтарының зекетін бермейді. Бірақ салық ретінде жизя төлейді.

Зина  – ер-әйелдің шариғат заңына сай үйленбестен, ты­йым салған жолмен жыныстық қатынас жасауы, ойнастық.

Зинақор – зина жасаған адам.

Зиһар  – талақ берудің бір түрі. Арабтарда әйеліне өзі өмір бойы үйленуіне болмайтын анасы, қызы, әпкесі секілді әйелдің бір мүшесіне теңеу талақпен бірдей болған.

Зиһар кәффараты  – әйелін өзі өмір бойы үйленуіне болмайтын анасы, қызы, әпкесі секілді әйелдің бір мүшесіне теңеу, салыстыру арқылы талақ жасаған ер адамның төлейтін өтемі. Мысалы, әйеліне «Сен маған анамның арқасындайсың» деп айту. Ал кімде-кім осы зиһарды қолданған болса, оның кәффаратын өтемейінше, әйеліне жақындасуына болмайды. Оның кәффараты мына тәртіппен өтеледі: Бір құлды азат етеді. Егер азат етуге құл не күң таба алмаса, екі ай арасын үзбей ораза ұстайды. Егер екі ай ораза ұстауға шамасы келмесе, денсаулығы шыдамаса, алпыс кедейді шамамен өзі тамақтанып жүрген тамақпен тамақтандырады.

Зиядату әс-сиқа  – сенімдінің қосымшасы. Яғни бір хадисті бірнеше сенімді (сиқа) адамдар риуаят етеді. Сол сенімді рауилердің арасынан біреуі барлығы риуаят еткен хадиске артық сөздер қоса риуаят етеді. Осы сенімді рауидің риуаят еткен хадисі қосымшасымен бірге қабыл етіледі. Тек оның қосымшасы өзінен басқа сенімдірек рауидің риуаятындағы хадиске қайшы мағынада болмауы қажет. Егер сенімді рауидің риуаятындағы қосымша басқа сенімді рауидің риуаятына қайшы мағынада болмаса, ол хадис еш кедергісіз қабыл етіледі және онымен амал жасалады. Өйткені ол хадис жеке хадис ретінде қабыл етіледі. Мысалы: Имам Муслим Әбу Мәлик әл-Әшжағиден жеткізген хадисте Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Маған жер мешіт етілді және оның топырағы таза етілді», – деген. Осы хадистегі «топырағы» деген сөзді тек қана Әбу Мәлик әл-Әшжағи риуаят еткен. Қалған рауилердің барлығы: «Маған жер беті мешіт және таза етілді» деп риуаят еткен. Осы екі риуаяттың арасында қарама-қарсы мағына жоқ. Сондықтан Әбу Маликтің риуаяты қабыл етіледі және онымен амал жасалады. Егер сенімді рауидің риуаятындағы қосымша басқа сенімді рауидің риуаятына қарсы мағынада болса және екі риуаяттың бірін қабыл еткен жағдайда екінші риуаятты тастау керек болса, онда осы екі риуаяттың арасында таржих (таңдау жасау) жасау қажет болады. Сөйтіп екі риуаяттың бірі қабыл етіліп, ол «ражих» (таңдаулы) деп аталады, ал екінші риуаят қабыл етілмей «маржух» (қабыл етілмеген, таңдалмаған) деп аталады.

Зороастризм – Ислам дініне дейін парсы халқы ұстанған, отқа табынатын дін.

Зул-қағда  – ай күнтізбесі бойынша он бірінші айдың аты. Ол қажылық айларына жатады.

Зул-халаса  – Йемендегі хасғам мен бәжилә тайпаларының ішіне ғибадат етілетін пұттар қойылған, өздерінше «Қағба» деп атаған үй немесе ғибадатхана.

Зул-хижжа  – ай күнтізбесі бойынша он екінші ай. Ол қажылық айларына жатады.

Зул-хуләйфа  – Мәдина қаласы арқылы қажы­лыққа немесе умраға келетіндердің ихрамға кіретін жері, бес миқаттың бірі. Ол Мәдинаның оңтүстік-батысында 10 шақырым жерде орналасқан. Қара: миқат.

Зун-нурайн  – екі нұрдың иесі. Бұл Осман ибн Аффанның сипаты. Себебі ол Мұхаммед пайғамбардың екі қызына үйленген. Алдымен Руқаяға үйлеген. Ол қайтыс болғаннан кейін Умму Кулсумге үйленген.

Зуһд  – дүниеге қызықпау. Шариғат тыйым салған харам, күмәнді істерден және адамдардың қолындағы байлыққа қызығудан аулақ болу  «зуһд» деп аталады. Ислам дініндегі «зуһд» ұғымын аскетизммен шатастыруға болмайды. Себебі Ислам діні адал жолмен келген байлықты, тыйым салынбаған дүниені пайдалануға, қызықтауға тыйым салмайды.

Зұлмат – қараңғылық.

Зұлымдық  – әділетсіздік, қиянат. Бұл ұғым пенденің күнәлар жасау арқылы өз басына қиянат жасауын, Аллаға серік қосуын, басқа адамдардың өміріне, дүние-мүлкі мен ар-намысына қол сұғуын қамтиды.

Зікір  –  еске алу. Алланы зікір ету – Алла тағаланы еске алу. Ол пендені Раббысына жақын ететін амалдардың бәрін, мәселен, Алланы Өзіне лайық мадақтармен еске алуды, намаз, зекет және басқа да парыз етілген амалдарды орындауды, Алла ризалығы үшін діни және дүнияуи білім алуды, жақсы мінез-құлықты болуды, харам істерден тыйылуды қамтиды. Ислам дініндегі «зікір» ұғымын транс және медетациямен шатастыруға болмайды. Себебі зікір салу адамды есінен айырмайды.

Зілзала  – жер сілкінісі, зілзала. Ислам дінінде зілзаланы Алла тағалаға асылық жасаған қауымға жіберетін жазаларының бірі ретінде түсіндіреді.

 

И

Ибдәл  – орын ауыстыру. Қара: бәдәл ().

Ибн  – ұл, бала. Мысалы: Абдуллаһ ибн Омар – Абдуллаһ Омардың ұлы немесе Омарұлы Абдуллаһ.

Иғләм  –хабарлау, хабардар ету. Хадис ілімінде қолданылатын термин. Ол ұстаздың шәкіртіне: «саған риуаят етуге рұқсат бердім» немесе «риуаят ет» деместен, «мына хадис немесе кітап менің пәленшеден естігендерім», деп айтуы.

Иғтибәр  – муснәд, жәмиғ және әжзә (жуз) кітаптарында жалғыз келген хадис деп есептелген хадистің бізге жеткен басқа жолдарын іздеу. Мысалы, Ибн Хиббәннің мына сөзі: «Иғтибардың жолы дегеніміз мынандай; мысалы Хаммад Айубтан, ол Ибн Сириннен, ол Әбу Һурайрадан ол Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) хадис риуаят етті делік. Сонда Хаммадтан басқа біреу бұл хадисті Айубтан, ол Ибн Сириннен риуаят еткен бе? Егерде бар болса бұл хадистің негізі бар дейміз. Болмаса Айубтан басқа біреу осы хадисті Ибн Сириннен ол Әбу Һурайрадан риуаят еткен бе? Болмаса Ибн Сириннен басқа біреу Әбу Һурайрадан, болмаса Әбу Һурайрадан басқа сахаба Пайғамбарымыздан осы хадисті риуаят еткен бе? Егер осы аталғандардың бірі бар болса, онда бұл хадистің негізі бар деп есептеледі».

Идғам – Тәжуид ілімінің термині. Ол ....

Ихфә –

Ишмам –

Изһар

Иқләб

Әр-раум – Тәжуид ілімінің термині. Ол ....

Иғтикаф  – Аллаға құлшылық жасау ниетімен белгілі бір мезгілді мешітте өткізу. «Иғтикаф» сөзі араб тілінде «бір жерде қалу», «тұрақтау», «тұру» деген мағыналарды береді. Иғтикаф кезінде табиғи қажеттілігін орындау үшін, сондай-ақ мұсылманның жаназасына қатысу сияқты үзірлі жағдай болмаса мешіттен шығуға болмайды. Ислам дінінде рамадан айының соңғы он күнінде иғтикафқа кіру – сүннет амал болып табылады.

Идда  – күйеуі қаза болған не ажырасқан әйелге сол аралықта басқа еркекпен тұрмыс құруына рұқсат етілмейтін күту мерзімі. Бұл мерзім төрт ай он күн.

Идтибағ  – тауапты бастаған кезде ихрам киімінің бір шетін оң қолтығының астынан өткізіп, оң иығын ашып, сол иығын жауып жүру.

Йемен бұрышы  – Қағбаның қара тас орналас­қан бұрышына дейінгі бұрышы. Тауап жасаған кезде ол бұрыш­ты қолмен ұстау сүннет.

Ижаб – бір істі нақтылау. Көпшілік ғалымдардың пікірінше, келісім шартқа отырғанда тауардың не құқық иесінің айтатын сөзі. Ханафи мазһабында келісімшартқа отырған екі тараптың сөзді бірінші боп бастаған кісінің айтатын сөзі. Қара: қабул.

Ижаза  – рұқсат беру. Шәкірттің белгілі бір пән бойынша сол пәнді не кітапты оқытуға ұстазынан сәнәдімен (тізбегімен) алған рұқсаты. Ислам әлемінде білім үйренгенде ұстаздың алдынан өтіп, оның рұқсатын алу дәстүрі қалыптасқан. Ижаза алу үшін әр ғылымда әртүрлі шарттар қойылады. Мысалы, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) Құран Кәрімді сахабаларына үйретіп, олар дұрыс оқуды үйренгеннен кейін Құранды басқаларға үйретуге рұқсатын берген. Сахабалар шәкірттеріне, олар өздерінің шәкірттеріне үйрету арқылы біздің заманымызға дейін жеткен. Ал хадис ілімінде ижаза «ауызша немесе жазбаша риуаят етуге рұқсат беру» деген мағынада қолданылады. Яғни ұстаздың шәкіртіне өзінен естіген және естімеген немесе оқып берген хадистерін риуаят етуге рұқсат беруі. Хадис ілімінде ижазаның бірнеше түрі бар:

1) Белгілі адамға белгілі нәрсені риуаят етуге рұқсат беру. Мысалы: «Менен «Сахих әл-Бұхариді» риуаят етуге саған рұқсат беремін» деу. Бұл ижазаның ішіндегі ең дәрежесі жоғарғысы. Бізге осылай жеткен хадисті риуаят етуге, онымен амал жасауға болады және оған ешкім қарсы шықпаған.

2) Белгілі адамға белгісіз нәрсені риуаят етуге рұқсат беру. Мысалы: «Менен естіген хадистерді риуаят етуге рұқсат беремін» деу.

3) Белгісіз адамға белгілі нәрсені риуаят етуге рұқсат беру. Мысалы: «Мені көргендердің барлығына «Сахих Муслимді» риуаят етуге рұқсат беремін» деу.

4) Белгісіз адамға белгісіз нәрсені риуаят етуге рұқсат беру. Мысалы: «Менімен замандас болғандардың барлықтарына менен естіген хадистерін риуаят етуге рұқсат беремін» деу.

5) Бар адамға ілестіре жоқ адамға рұқсат беру. Мысалы: пәленшеге және одан кейін туылатынға мынаны риуаят етуге рұқсат беремін. Осы аталған соңғы төрт ижаза түрлерін риуаят етуде пікірталас бар.

6) Рұқсат берушінің өзі естімеген хадистерді риуаят етуге рұқсат беруі немесе алдын-ала рұқсат алушы естімей жатып оған рұқсат беру. Ижазаның бұл түрін риуаят ету қабыл етілмейді және ол дұрыс емес.

7) Өзіне риуаят етуге рұқсат етілген хадистерді риуаят етуге рұқсат беру. Ижазаның бұл түрімен амал жасауға болады.

Ижмағ – бір ғасырда өмір сүрген барлық ғалымдардың бір мәселеге қатысты бір ауыздан келіскен үкімдері. Яғни ижмағ болу үшін бір ғасырда өмір сүрген барлық ғұламалар арасында пікір қайшылығы болмауы қажет. Сонымен қатар ижмағ «Құран мен хадисте келген үкімнің мәні осы, басқаша түсінуге болмайды» дегенді де білдіреді. Ижмағ шариғатта Құран мен сүннеттен кейінгі үшінші дәлел ретінде жүреді.

Ижтиһад  – белгілі бір мәселенің үкімін білу үшін Құран мен сүннеттен және басқа да шарғи дәлелдерден аталған мәселеге қатысты дәлелді табу жолында іздену, зерттеу жүргізу.

Изар  – белден төменгі киетін киім аты. Қажылық кезінде киетін екі ақ матаның белден төменгі бөлігі. Сонымен қатар, қайтыс болған адамның белінен төменгі жағын орауға арналған матаның да атауы.

Икрам  – сыйлау, құрметтеу.

Иқала  – жасалған келісім шартты бұзуға екі тараптың бірінің өтініш білдіруі. Егер келісімді бұзуға өтініш білдірген тараптың өтінішін екінші тарап қабыл алса, шариғатта иқала жасауға рұқсат етіледі.

Иқама (иқамат, қамат)  – намаздың басталғаны туралы азанның сөздері секілді сөздермен хабарлау.

Илә  – ер адамның белігілі бір мерзім ішінде әйелімен төсек қатынасына түспеймін деп ант беруі.

Илия – Иерусалимнің көне атауы. Арабтар оны «Бәйт әл-Мақдис» немесе «әл-Қудс» деп атайды.

Илм әл-хадис  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хадистерін зерттейтін діни ғылым саласы.

Әл-Илла әл-қадиха  – сыртқы көзге байқалмайтын, хадистің сахихтығына кесірін тигізетін, жасырын тұратын себеп. Ол араб тілінде «бетіне басатын, ұялтатын кемшілік», «олқылық», «сөгу», «масқара қылу», «даттау» деген мағыналарды береді. Мұндай себеп хадистің сәнәдінде де, мәтінінде де болуы мүмкін.

Илһам  – аян. Алла тағаланың әулие, тақуа құлдарына беретін аяны.

Имам І  – Ислам әлеміндегі барлық мұсылмандар мойындаған, өзінің мектебін қалыптастырған, көптеген шәкірттер дайындаған атақты, үлкен ғалым.

Имам ІІ   – басшы, намаз оқығанда басқа адамдарға басшы болатын адам, мешіттің имамы: мешіттің басшысы.

Имам – ханафи мазһабының кітаптарында имам деп Әбу Ханифаны атайды.

Имам-хатиб – мешітте уағыз-құтпа жасайтын дін қыз­меткері.

Иман  – діни сенім, наным. Бұл сөз термин ретінде Алла және Оның елшісі (с.ғ.с) деген сенімін тілімен айту, жүрегімен бекіту.

Иман келтіру – сену, нану. Сонымен қатар бұл сөз Ислам дінін қабылдады деген мағынаны да береді.

Имәлә – тәжуид ғылымында қолданылатын термин. Ол ....

Имсәк  – тыйылу, тартыну. Ораза тұтқанда таң атқаннан күн батқанға дейін оразаны бұзатын амалдардан тыйылу «имсәк» деп аталады.

Инкисар әс-сиһәм  – үлестің сынуы. Мұрадан үлесі бар бір топтың немесе бірнеше топтың үлестерінің өзара дұрыс бөлінбеуі. Қара: тасхих.

Иржа  – «Иржа» сөзі араб тілінде «кешіктіру» және «үміт беру» деген екі мағынада қолданылады. Ақида ілімінде бұл термин «шынайы иманы бар адамға үлкен күнәсі зиян тигізбейді» деген пікірді қолдайтын муржи ағымына қатысты қолданылады. Қара: муржи.

Ирһас  – негіз, бастама, нышан. Ирһас шарғи термин ретінде «пайғамбарлықтың алғашқы белгілері мен нышандары» деген мағынада қолданылады.

Ислам  – Алла тағаланың Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) түсірген барша адамзатқа соңғы дін ретінде таңдаған діні.

Иснад  – хадисті риуаят етушілердің (жеткізушілердің) жүйелі тізбегі. Қара: сәнәд.

Әл-Иснад әл-али  – жоғарғы иснад. Хадис ілімінде рауилер санының аз болуы «иснад әл-али» деп аталады. Жоғары иснадтың екі түрі бар:  шексіз жоғары: хадистің сәнәді көп адам риуаят еткен хадиске қарағанда Пайғамбарға (с.ғ.с) дейінгі хадистің сәнәдінде өте аз адамдар бар иснад. Бұған қарама-қарсы шексіз төмен иснад қолданылады.  қатысты жоғары: хадистің сәнәді хадис имамдарының біріне жетіп тоқтаған иснад. Мысалы: Имам әл-Бұхариге немесе Муслимге дейін басқа сәнәдінде көп адамдар бар хабарға қарағанда сәнәдінде аз адамдар бар хабар.

Әл-Иснад ән-нәзил  – төменгі иснад. Хадис ілімінде сәнәдінде адамдар саны тура сол хадистің басқа сәнәдіндегі адамдар санынан көп болған иснад «әл-иснад ән-нәзил» деп аталады.

Исра  – Алла тағаланың Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с) пырақпен (бурақ) Меккеден Қудусқа бір түнде алып баруы. Бұл жайлы «Исра» сүресінің 1-аятында және «Нәжм» сүресінің 12-17-аяттарында баян етілген. Бұл оқиға пайғамбарлықтың 11-жылы, яғни һижрадан бір жарым жыл бұрын шамасында болған. «Исра» сөзі араб тілінде түнде жол жүру деген мағынаны береді.

Исраил ұрпақтары, исраилдіктер – яһудилер.

Истибра  – іш дәрет алғанда нәжіс шыққан жерді, әсіресе зәр шыққаннан кейін мұқият тазалау. Үрпі бойындағы несеп жолын сығып тастау.

Истижмар  – дәрет сындырғаннан кейін, денеден шыққан нәжістің орнын судан басқа шариғат рұқсат берген тас, кесек секілді затпен тазалау.

Истиқама  – туралық. Аллаға иман келтіруден ауытқымай, шариғатта тыйым салынған істерден аулақ болып, Одан басқаға құлшылық жасамай, тек Жалғыз Аллаға бойсұнуда табандылық таныту.

Истимнә  – онанизм, ер адамның жыныстық қатынасқа түспей шәуетін шығаруы.

Истинбат  – Құран Кәрім мен Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хадистеріне және басқа да шариғат үкімдері мен заңдарына негізделген тұжырым. Немесе діни мәтіндерден үкім шығару жолы.

Истинжә  – дәрет сындырғаннан кейін, денеден шыққан нәжістің орнын сумен не шариғат рұқсат берген затпен тазалау. Шариғатта истинжә құралы ретінде су, тас, кесек немесе әжетхана қағазы сияқты нәжісті өзіне сіңіріп алатын кез келген затты қолдануға болады. Тек сүйек пен малдың тезегін пайдалануға тыйым салынған.

Истинзәһ  – дәрет сындырғанда киімді, денені нәжістен, әсіресе зәрдің шашырауынан сақтау.

Истиншақ  – оң қолмен мұрынға су алып барып, оны деммен ішке тартып, сосын сол қолмен сіңбіріп тастау.

Истисқа  – қуаңшылық кезде Алладан жаңбыр жау­дыруды тілеп жамағатпен оқитын екі ракағатты намаз. Ол қазақ тілінде «тасаттық» деп те аталады.

Истихада (истихаза)  – нифас және хайыздан басқа уақытта, әйелдерге келетін қан. Оны «бұзылған қан» деп те атайды. «Истихада» сөзі араб тілінде «ағудың жалғасуы немесе үзілмеуі» деген мағына береді. Шариғатта: әйел адамдарда етеккір және нифас кезінен басқа уақыттарда қан келу, яғни қанның мезгілсіз келуі. Ол, көбінесе, әлде бір сырқат себебінен болады және ол құрсақтан емес, тамырдан ағады.

Истихара  – істің жақсылығын, игілігін сұрау. «Истихара» сөзі араб тілінде жақсылықты сұрау, жеңілдетуді талап ету деген мағынаны береді.

Истихара намазы  – Алладан екі істің қайырлысын сұрап, сәлем бергеннен кейін истихара дұғасын оқитын екі ракағатты нәпіл намаз. Истихара намазы адам харам емес бір істі бастар алдында сол істің жақсылығын сұрап немесе екі істің бірін таңдай алмай тұрған кезде Алладан жақсылық, игілік сұрап оқитын намаз.

Истихләф  – намазда имам болып тұрған адамға бір еркінен тыс жағдай болғанда, орнына имамдыққа басқа біреуді өткізу. «Истихләф» сөзі араб тілінде «ізбасарды талап ету» деген мағына береді.

Истихсан  – Араб тілінде «истихсан» бір нәрсені жақсы деп есептеу деген мағынаны береді. Ал шариғатта мужтаһид ғалымның бір мәселеде арнайы (жеке) дәлелге сүйене отырып, соған ұқсас мәселелерге берген үкімінен басқа үкім шығаруы. Негізі ғұламалар «Алла сендерге жеңілдік қалайды және сендерге ауырлық қаламайды» («Бақара» сүресі, 185-аят) деген аятқа сүйеніп, кейде мұсылмандарға ауыр тиетін болса, көзге анық көрініп тұрған қиястың орнына жасырын тұрған, байқала бермейтін дәлелге сүйеніп, истихсанмен амал жасайтын болған. Мысалы, жыртқыш құстардың қалдық суы қияс бойынша жыртқыш аңдардың қалдық суларының үкімі тәрізді болуы керек. Өйткені жыртқыш аңдардың және құстардың етін жеуге болмайды. Ал жыртқыш аңдардың қалдық суы таза емес. Егер жыртқыш құсты осы негізде жыртқыш аңға теңесек, онда жыртқыш құстың қалдық суы да таза болмауы тиіс. Бірақ құстың аңнан айырмашылығы аңның суды сілекейімен былғайтындығын, ал құстың тек тұмсығын салып, сілекейімен суды былғамайтындығын ескеріп (арнайы немесе жеке дәлел деген осы), жыртқыш құстың қалдық суы нәжіс емес, бірақ күмәнді болғандықтан макруһ деген.

Итағат  – бойсұну, шариғат заңдарына бағыну.

Итминан  – намаз оқыған кезде әр қимылды асықпай, байыппен толық орындау.

Ифада тауабы  – қажылықтың парыз тауабы. Ол «зиярат тауабы» немесе «парыз тауабы» деп те аталады. Бұл қажылық кезінде міндетті түрде орындалуы керек амал. Өйткені ол – қажылықтың парызы. Ифада тауабының уақыты құрбан айт күнінің таңы атқаннан басталып, өмірінің соңына дейін жалғасады. Бірақ оны айт күндері өтеу – уәжіп.

Ифрад  – қажылықты өтеудің бір түрі. Қажылықтың бұл түрінде умра жасамастан бірден қажылық жасау үшін ихрам халіне өтеді. Қажылықтың бұл түрін өтеген адамға құрбандық шалу міндет емес.

Ифтар  – ауыз ашар. Ораза ұстаған адамның күн батқаннан кейін тамақтануы.

Ифтираш  – намазда оң аяғын тік ұстап, бармақтарын құбылаға қаратып, сол аяғын төсеп, соның үстіне отыру. Бұлай отыру фиқһ ғылымында «ифтираш» деп аталады.

Ихрам  – шектеулер немесе тыйымдар аймағына кіру. Яғни басқа уақытта рұқсат етілген амалдардан белгілі ғибадатты өтеу барысында тыйылу. Мысалы, кімде-кім намазға тәкбиратул-ихрам (алғашқы тәкбір) айтып кірсе, оған ішіп-жеу, сөйлеу, күлу секілді намаздан тысқары уақытта рұқсат етілетін істерге тыйым салынады. Сол секілді, кімде-кім қажылық ғибадатына ихрам етіп, тәлбия айтып кірсе, оған әйелімен жақындасу, тігілген киім кию, аң аулау сияқты қажылық кезінде тыйым салынған амалдарды істеуге болмайды.

Ихрам киімі – қажылық не умра өтеуші ер адам оранатын арнайы киімнің атауы. Ол – тігілмеген ақ матадан тұратын үлкен сүлгі секілді екі ақ мата. Оның бірімен кіндіктен төменгі дене мүшесі оралады, ол «изар» деп аталады. Ал екіншісімен кіндіктен жоғарғы дене мүшесі жабылады, ол «рида» деп аталады. Әйел адамдар ихрам киімін кимейді. Олар ихрам хәліне өздерінің күнделікті киімімен өтеді.

Ихрам кию – ихрам киімін кию.

Ихрамға кіру – қажылық өтеушінің қажылық, умра не оның екеуін де орындауды ниет еткенін жариялап, ихрам киімін киюі және сонымен қатар белгілі бір тыйымдар мен шектеулерге байланысты жағдайға енуі.

Ихсан  – жақсылық жасау. «Ихсан» сөзі араб тілінде істі жақсы орындау, игілік істеу, жақсылық жасау дегенді білдіреді. Шариғатта адамның діни парызын орындауда адалдық танытуы және рия атаулыға жол бермеуі, өзін Алланың көріп тұрғанын сезіне орындауы «ихсан» деп аталады.

Ихсар  – шектеу, қалағанына жетуге кедергі келтіру. Шариғатта қажылық немесе умра жасау үшін ихрамға кірген адамның қажылығын немесе умрасын аяқтамастан, ихрамнан шығуға мәжбүрлеген жағдай «ихсар» деп аталады. Мысалы, жау, ауруға шалдығу, шекарадан өткізбей қою және т.б. осындай халге душар болған адамды «мухсар» деп атайды.

Ихтиләм  – ұйықтап жатқан кезде мәнидің бөлінуі.

Ишан – халық арасында діни сауат ашу, ғибадатты үйрету қызметін атқаратын діни сауатты адам.

Ишара  – ым-белгі, тұспал.

ЙархамукАлла  – түшкіріп, «әлхамду лилләһ» деп айтқан адамға айтылатын «Алла саған рақым етсін!» деген дұғалық сөз.

 

Жоғары