ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Миқаттан ихрамсыз өтудің жазасы

Миқаттан ихрамсыз өтудің жазасы

 С: Миқаттан ихрам оранбай Меккеге кіргісі келетін адамның үкімі қандай?

Ж: Сыртан келген мүкәллаф мұсылман Меккеге, тіпті, сауда, саяхат мақсатымен болсын кірмекші болып теңіз, құрлық, әуе жолдарымен миқаттан ихрам оранбай өтсе, одан соң қайта оранса да, оранбаса да бәрібір, күнәлі болады, жазасына бір қой союы шарт.

С: Осы күнә мен жазадан арылудың басқа жолы бар ма?

Ж: Миқаттан ихрамсыз өтіп кетсе, сол өтіп кеткен миқатына немесе кез келген миқатқа қайта барып ихрам оранып келсе күнәсі мен жазасы мойнынан түседі.

С: Миқатқа қайтпай харам не халал аймағынан ихрам оранып қайтса не болады?

Ж: Миқаттан өтіп кетіп ихрам оранса күнәсі мен жазасы мойнынан түспейді. Алладан кешірім сұрап, тәубе жасап, харам аймағында бір қой союы керек. Ихрам киген соң ғибадатты бастамастан бұрын қайтадан миқатқа оралып, сонда тәлбия дұғасын айтса оның күнәсі мен жазасы мойнынан түседі.

С: Ихрамын миқаттан өтіп кетіп киген қажы миқатқа қайтып барсам қажылық амалдарынан кешігемін деп қорықса үкімі қалай болады?

Ж: Ондай уақытта миқатқа қайтып оралмайды. Миқаттан ихрамсыз өтіп кетуінің жазасына бір қой сойып, Алладан кешірім, тәубе тілейді.

С: Миқаттан асқан соң ихрам киген кісі миқатқа қайтып оралса онда өзіне не мал-мүлкіне бір зарар болады деп қорықса не істейді?

Ж: Ондай адамға қайтып бару уәжіп емес. Жазасына харамда бір қой сояды.

С: Меккеге және Харам мешітіне бірнеше рет ихрамсыз барған кісінің үкімі қандай болады?

Ж: Меккеге немесе Харам мешітіне ихрамсыз бірнеше мәрте кіргені үшін қажылық не ұмра жасауы керек. Егер сол жылдың өзінде парыз қажылығын немесе нәзір яки қаза қажылығын немесе нәзір не қаза ұмрасын немесе сүннет не мұстахаб ұмрасын жасаса жазасын өтеуге ниет етпесе де алдыңғы ихрамсыз кірулерінің жазасы мойнынан түседі. Ал, егер бір жыл өтіп кеткен болса бірнеше рет ихрамсыз кіргені үшін арнайы ниетпен қажылыққа не ұмраға келуі керек. Сол келгенде бұрынғы ихрамсыз кірген кездерінің орнына ниет етіп, сонша рет ихраммен кірсе оның әрбір ихрамсыз кіруіне арналған жаза мойнынан түседі.

С: Құрлықпен, не әуемен, не теңізбен алыстан келе жатқан жолаушының миқаттан өтіп бара жатқандығы ниеті қажылық та, ұмра да, харам мешітіне кіру де, жалпы Мекке қаласына кіру де емес, жай Джидда қаласына бару ғана болса оның үкімі қалай болады?

Ж: Ол адам күнә істеген болып есептелмейді. Ешқандай жаза уәжіп болмайды.

С: Джиддаға барған соң харам мешітіне немесе Меккеге баруды қаласа не істеуі керек?

Ж: Мұндай жағдайда Харам мешітіне немесе Меккеге ихрамсыз кіруіне болады. Қажылық не ұмра жасауды қаласа Джиддадан немесе басқа халал аймағының кез келген жерінен ихрам оранып шыға береді.

С: Миқаттар аймақтарында немесе халал аймағында тұратындарға Харам мешітіне не Меккеге ихрамсыз кірулеріне бола ма?

Ж: Егер қажылық пен ұмраны жасауды қаламаса ихрамсыз кіре берулеріне болады. Ал, қажылық не ұмра үшін деп, бірақ ихрамсыз кірсе оларға бір мал сою, одан соң халал аймағына қайту керек. Өйткені олардың миқаттары халал аймағы. Егер олай істемей тек харам аймағынан ихрам оранса немесе халал аймағына қайтып бірақ тауапқа дейін тәлбия дұғасын айтпаса күнәһәр болып есептеледі. Мойындарынан жазалары – бір мал сою түспейді.

С: Харам аймағының тұрғыны ұмраға Меккеден не Харам мешіті аймағынан ихрам оранса бола ма?

Ж: Олай етуіне болмайды. Өйткені харам аймағының тұрғындарының қажылық үшінгі миқаттары харам аймағы, ал ұмраға миқаттары халал аймағы. Егер өздерінің миқаттарынан басқа жерден ихрам оранса күнәлі болады жазаларын өтеулері керек.

 

Жоғары