ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Ихрам жағдайында аң аулау

Ихрам жағдайында аң аулау

 С: Қажылық үшін не ұмра үшін ихрам оранған кісі аңды өлтірсе оған қандай жаза қолданылады?

Ж: Ихрам киюші бір аңды өлтірсе немесе аңды өлтірушіге көрсетіп берсе оның айып-жазасын орындауы тиіс. Мұнда ихрам киюші біліп тұрып не ұмытып кетсе де, қажылықты бастаушы не аяқтаушы болса да бәрібір.

С: Мұның жазасы қандай?

Ж: Бұл мәселе туралы ғұламалар Әбу Ханифа мен Әбу Юсуф берген жаза түрі төмендегідей. Екі әділ мұсылман өлтірген аңның сол жақын аймақтағы бағасын белгілеп шығарады. Сосын өлтіруші не осындай бағаға мал сатып алып, жазасына сояды немесе осы бағаға тамақ сатып алып міскіндерге таратады. Әрбір міскінге жарты сағ бидай немесе бір сағ құрма немесе арпа береді. Қаласа әрбір жарты сағ бидай не бір сағ арпа үшін бір күн ораза тұтады. Тамақтан жарты сағтан аз мөлшері артық қалса садақа ретінде береді, қаласа сол жарты сағ үшін бір күн ораза тұтады. Бағасы құрбанға шалатын малдың бағасына жетпейтін аң жөніндегі үкім де осылай.

С: Осы аталған екі ғалымның шешімі мен имам Мұхаммедтің шешімінде айырмашылық бар ма?

Ж: Иә, бұлардың пәтуаларында айырмашылықтар бар. Әбу Ханифа мен Әбу Юсуф аңның құны бойынша есептесе, Мұхаммед аңның дене тұрқы бойынша есептеген. Мысалы, егер киік өлтірсе қой, қоян өлтірсе қозы, түйеқұс өлтірсе түйе шалу керек деп теңестірген. Ал, теңін табу қйын болса алдыңғы екі имамның пәтуасындай бағасын шығарып, садақа беруі керек.

С: Ихрамдағы кісі бір аңды жарақаттаса, не оның түгін жұлып алса, не бір мүшесін кесіп алса оның үкімі қандай болмақ?

Ж: Сол мүшенің не түктің бағасын төлейді. Садақасын береді.

С: Бір құстың қауырсынын не аңның аяқтарын жұлса не болады?

Ж: Егер ол аң жарымжан болып қалса толық құнының жазасын өтейді.

С: Бір аңның жұмыртқасын сындырса жазасын қандай?

Ж: Жұмыртқадан өлген балапан шықса оның тірідей құнының жазасын өтейді. Ал, ішінде балапан болмаса жұмыртқаның құнын өтейді.

С: Битті немесе шегірткені өлтірсе не қылады?

Ж: Қалағанынша садақа береді. Бір шегірткеге бір құрма бергені дұрыс.

С: Еті желінбейтін жыртқыш аңдарды өлтірудің үкімі не?

Ж: Бір қойдың бағасындай құн төлейді.

С: Ихрамдағы кісі өзіне шапқан жыртқыш аңды өлтірсе де құнын төлей ме?

Ж: Ондай жағдайда құн төлемейді.

С: Ихрамдағы кісіге өлтіруге рұқсат етілген аң-құстың түрлері бар ма?

Ж: Иә, ихрамдағы кісінің қарғаны, құзғынды, қасқырды, жыланды, шаянды, тышқанды, құтырған итті өлтіруіне болады.

С: Маса, бүрге сияқтыларды өлтірсе не болады?

Ж: Ештеңе төлемейді.

С: Егер ихрамдағы кісі өзі өлтірген аңның етін жеуге мәжбүр болса оның жазасы бар ма?

Ж: Иә, жазасы бар.

С: Үй кептері мен киік өлтірсе ше?

Ж: Оларды өлтірсе құндарын төлейді.

С: Ихрамдағы кісі бауыздап, сойған аңның етін ихрам кимеген басқа адам жесе бола ма?

Ж: Жоқ, олай сойылған аңның етін ихрамдағы кісінің де, жай кісінің де жеуіне болмайды. Өйткені ихрамдағы кісі бауыздаған аң харам болып есептеледі.

С: Ихрамдағы кісі адамдар жейтін малды әдеттегідей бауыздаса оның етін жеуге бола ма?

Ж: Иә, жеуге болады. Егер қой, сиыр, тауық, қаз сияқты әдетте сойылатын мал түрлерін сойып, бауыздаса, оның етін өзі де, басқалар да жесе болады.

С: Ихрамнан тыс кісі аулап, сойған аңның етінен ихрамдағы адам жесе бола ма?

Ж: Иә, болады. Тек ихрамдағы кісінің сол аңның аулануына қатысы болмауы шарт.

С: Бір аңды ихрамдағы екі кісі өлтірсе жазасы қалай болады?

Ж: Әрқайсысы да толық жазасын өтеуі керек.

С: Ихрамдағы кісі бір аңды өлтіріп, оны басқа адамға сатса не одан сатып алса үкімі қандай болады?

Ж: Саудасы дұрыс болмайды.

 

Жоғары