ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Зекет қайда жұмсалады?

Сұрақ: Зекет қайда жұмсалады?

Жауап: 

Зекет қайда жұмсалады?

 С: Зекет қайда жұмсалады?

Ж: Алла Тағала Құран Кәрімде зекеттің қайда жұмсалуы керектігін айтып өткен:  «Шын мәнінде садақалар (зекеттер) кедейлерге, міскіндерге, зекет жинаушыларға, жаңа мұсылмандарға, құлдарға, борыштыларға, Алла жолында жүргендерге, жолаушыға (беріледі)» (Тәубе, 60).

Демек олар сегіз түрлі болады:

  1. Кедей-кепшіктер.
  2. Міскіндер.
  3. Зекет жинауға көмектесушілер.
  4. Дінге жаңадан кірушілер.
  5. Өз бостандығы үшін жүрген құлдар.
  6. Қарызға батқандар.
  7. Алла жолында жүргендер.
  8. Пақыр жолаушылар.

С: Кедей деген кім?

Ж: Ол – дүниесі өте аз, мал-мүлкі зекет беруге жетпейтіндер.

С: Міскін деген кім?

Ж: Ештеңесі жоқ адам.

С: Зекет жинаушылар кімдер?

Ж: Ол – ел басшысы Алла Тағала мұсылмандарға парыз еткен зекетті жинауды тапсырған жұмыскерлер. Олар ел аралап, зекет жинайды. Сол еңбектері үшін ел басшысы оларға зекеттен береді.

С: Құлдар кімдер?

Ж: Қожайындарынан өз бостандықтарын сатып алу үшін қызметте жүрген құлдар.

С: Қарызға батқандар кімдер?

Ж: Қарызын өтеуге табысы, мал-мүлкі жетпейтін борышкерлер.

С:  Алла жолында жүргендер кімдер?

Ж: Олар – Алла жолында соғысқа шығып, өз елдерінен жырақта қалып қойғандар.

С: Пақыр жолаушылар кімдер?

Ж: Ол ақшасы жоқ жолаушылар, тіпті өз елінде бай болса да.

С: Дінге жаңа кірушілер деген кімдер?

Ж: Олар кезінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) жүректері жібіп, дінге кірер деген үмітпен зекеттің бір бөлігін берген ру-тайпалардың басшылары. Олар Исламға кірсе, олардың артындағы қауымдар да дінге кірер деп үміттелетін. Ислам діні кең тарап, Алла Тағала даңқын асырған соң оларға зекеттен беру керек болмай қалады. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.с.) заманынан кейін оларға зекеттен ешнәрсе берілмейтін болды.

С: Демек, жоғарыдағы аятта аталған топтардан қазіргі уақытта жетеуі қалған болды ғой. Зекетті сонда осы топтардың барлығына тарату керек пе, әлде біреуіне берсе жете ме?

Ж: Зекетті осы топтардың бір не бірнеше адамына немесе түрлі топтағы кісілерге берсе болады.

С: Зекетті мұсылман емес пақырға, міскінге берсе бола ма?

Ж: Зекетті мұсылман еместерге беруге болмайды.

С: Зекет қаражатын өлікке кебін алуға, мешіт, мектеп, көпір, жол салуға жұмсауға бола ма?

Ж: Зекет малын бұл мақсаттарға жұмсауға болмайды. Зекетін осы мақсатқа жұмсаған болса қайтадан зекет береді. Өйткені зекет белгілі бір адамның иелігіне тапсырылуы керек. Ал, аталған кебін, мектеп, мешіт сияқты нәрселер жеке кісінің иелігінде емес.

С: Зекетті медресе істерін басқарушыға берудің үкімі қандай?

Ж: Зекет иесі зекетін медресені басқарушыға беріп, кедей оқушыларға таратуды тапсырса болады. Шарты – басқарушы зекетті олардың иеліктеріне тапсырып, таратуы тиіс. Бірақ оқушылардың тамағына, медреселерін жөндеуге немесе мұғалімдер мен жұмысшылардың жалақыларына жұмсауына болмайды.

С: Егер зекетіне құл сатып алып босатып жіберсе зекетін өтеген бола ма?

Ж: Жоқ. Зекет олай өтелмейді.

С: Зекет берушінің зекетін пақыр туыстарына беруіне бола ма?

Ж: Бұл мәселедегі туыстық қатынастар екі түрлі. Біріншісі зекет берушімен арасында әке-балалық туыстық бар: мысалы, ата-анасы, ата-әжелері, балалары, немерелері, ал екінші топқа бірге туысқан ағайындар – аға-інілері, апа-қарындастары, көке-әпкелері, нағашы аға-апалары және осылардың балалары. Бірінші топтағы туыстарға, яғни өзінің ұл-қыздарына, немерелеріне немесе ата-әжелеріне зекет беруге болмайды. Ал, екінші топтағы кедей туыстарына берсе екі есе сауап алады. Біріншіден, зекет парызын өтеудің сауабын, екіншіден, туысқандық қатынасты сақтағандығының сауабын алады

С: Егер мынау зекет малы еді десе олардың алмауы мүмкін. Сонда оларға алдырудың жолы қандай болмақ?

Ж: Оны анықтап айтудың қажеті жоқ. Ішінен зекетті ниет етіп, оларға сый ретінде беруге болады. Шарты – олардың зекет алуға лайықты мұқтаж жандар болуы. Содай-ақ, хашимиттерден (Пайғамбарымыз (с.а.с.) туыстары) болмауы тиіс.

С:  Күйеуі әйеліне немесе әйелі күйеуіне зекетін берсе бола ма?

Ж: Әбу Ханифаның айтуынша зекетті бұлай беруге болмайды. Ал, Әбу Юсуф пен Мұхаммед бұлай беруге болады деген.

С: Зекетін бай кісіге немесе байдың баласына берсе бола ма?

Ж: Жоқ, болмайды. Өзінің қажеттіліктерінен тыс зекет беретін мөлшердегі мал-мүлкі бар байға, оның жас балаларына беруге болмайды. Ал, енді байдың баласы жасы үлкен әрі мұқтаж болса беруге болады.

С: Кедейлер мен міскіндердің арасында зекет беруге болмайтындары бола ма?

Ж: Иә, хашимиттердің, яғни Пайғамбарымыз (с.а.с.) туыстарының, тіпті, кедей, міскін болса да садақа, зекет алуларына болмайды. Олар - Әлидің (р.а), Аббастың (р.а), Жағыпардың (р.а), Ұқайл әулетінің (р.а), Абдумұталиб ұлы Харис (р.а) әулетінің ұрпақтары.

С: Егер бұлар өте мұқтаж болса қалай көмектесуге болады?

Ж: Садақа мен зекеттен басқа нәрселермен көмектесуге болады.

С: Зекет беруші өзінің зекетін лайықты деп ойлаған адамына беріп, кейін оның зекет алуға лайық емес – бай не хашимит, не кәпір екенін білсе немесе қараңғыда пақырға беріп, кейін ол пақырдың өзінің әкесі не баласы екенін анықтаса зекетін қайтадан беруі керек пе?

Ж: Ол зекетін орындап, парызынан құтылған болып есептеледі. Қайтадан берудің қажеті жоқ. Бұл Әбу Ханифа мен Мұхаммедтің пікірі. Ал, Әбу Юсуф қайтадан беруі керек деген.

С: Зекет беруші зекетін лайықты деп ойлаған адамына беріп, кейін оның зекет берген адамы өзінің құлы немесе жалдамалы құлы болып шықса зекеті дұрыс бола ма? Бұл туралы ғалымдарымыз не деген?

Ж: Ғалымдарымыз бір ауыздан ондай жолмен берілген зекетті дұрыс деп санамаған.

С: Дені сау әрі кәсібі бар, бірақ мал-мүлкі зекет беретін мөлшерге жетпейтін адамға зекет беруге бола ма?

Ж: Иә, болады.

С: Зекетін өзі тұратын елден басқа бір елге апарып тарату дұрыс бола ма?                 

Ж: Негізінде әрбір елдің зекеті сол елде таратылуы тиіс. Зекетін басқа елге апару мәкруһ. Тек ол жақта кедей туыстары тұратын болса немесе ол жақтағы мұсылмандар өз еліндегілерден гөрі мұқтаж болса апаруға болады.

Жоғары