ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Ибн әл-Һайсам деген кім?

Сұрақ: Ибн әл-Һайсам деген кім?

Жауап: 

ӘЛ-ХАСАН ИБН ӘЛ-ҺӘЙСӘМ

(миләди 965-1039 ж.ж.)

Оптика ғылымның негізін салушы

 

Аты-жөні, шыққан тегі: Әбу Әли Мұхаммед ибн әл-Хасан ибн әл-Һәйсәм. Һижраның 354 жылы (миләди 965 жылы) Ирақтағы Басра шаһарында дүниеге келген.

Туған қаласы Басрада ер жетіп, білім алып, ғалымдық атағы да осында шықты. Білімдарлар арасында математика, жаратылыстану, философия ғылымдары саласындағы терең білімімен мәшһүр болды. Оның физика ғылымының бір саласы – сәуле құбылысын зерттейтін оптика тақырыбында жазған әл-Маназир кітабы Европадағы ғылыми пікірге елеулі өзгеріс әкелді.

Ибн әл-Һәйсәм барлық ғылымдарды дерлік толық игерген өте зерек, ұшқыр ойлы ғалым болатын. Әсіресе, математика саласында өз заманында оған тең келер ешкім болмады.

Ол саналы ғұмырын ғылымның түрлі салаларында кітаптар жазуға сарп етті. Кейбір тақырыптарда бұрын-соңды жазылған еңбектерді екшелеп, сұрыптап, жаңа бейнедегі қысқаша ғылыми баяндар да құрастырып шықты. Сондай-ақ, ол медицина ғылымын да терең зерттеген ғалым.

      Ибн әл-Һәйсәм өмірін ізгілік пен білім жолына арнады. Ғылым мен білімнің қауырт дамуы дәуірінде өмір сүрген сергек жанды ғалым жатпай-тұрмай қызу ізденісте болды. Алуан түрлі ғылым салаларында жазылған өзінен бұрынғы ғалымдардың еңбектерін ерінбей ақтарып, білімін жетілдірді. Тек білім алумен шектелмей, оқыған кітаптарының біразын өз заманындағы шәкірттерге жеңілдетіп, жаңаша әдіспен әрі соны көзқараспен жазып шықты. Сондай ыждағатты еңбектің арқасында ол әрбір ғылымның түрлі мәселелерін бүге-шүгесіне дейін білетін ғұламаға айналды.

      Ибн әл-Һәйсәм өзі туралы: «Мен бар өмірімде барлық уақытым мен күш-жігерімді үш нәрсе үшін жұмсауға тырыстым. Біріншісі: ақиқатты білуге асыққан жанға бір пайдамды тигізіп, сол арқылы дүниеде де, ақыретте де жақсы атқа ие болуды қаладым. Екіншіден: сондай істерім арқылы өзім де разы болдым әрі сол ғылымдар туралы білімімді жадыма нықтай түстім. Үшіншіден: осылайша қол жеткізген білімді жасым ұлғайған шаққа, кәрілік кезеңге алтын көмбе әрі көмекші құрал ретінде сақтауға тырыстым».

      Ибн әл-Һәйсәм кезінде Басра шаһарында талай жоғары шендерде қызмет атқарды. Алайда оның жан дүниесі көбіне ізгілікке, даналық пен хикметтің сырын ұғуға бейім болатын. Сондықтан да оны ғылым мен кітаптардан алыстататын нәрселерден мейілінше аулақ болуға тырысатын.

      Ақырында сондай биік мансаптардан құтыла алмаған кезеңде ол өзін ақылынан алжасып, есінен айрылған есалаң ретінде көрсетіп бақты. Осындай айласы арқылы Ибн әл-Һәйсәм билік пен әміршілерден алыстады. Содан кейін әуелі Шам аймағына, сосын Мысыр еліне қоныс аударды. Оның һижраның төртінші ғасырында Мысырға келгендегі басты мақсаты ғылым үшін алаңсыз қызмет ету еді. Өйткені елді билеп тұрған фатимидтер әулетінің халифасы әл-Хаким биәмрилләһтің ғылым мен ғұламаларға деген құрметі ерекше болатын.

      Әл-Хаким биәмрилләһ Ибн әл-Һәйсәмнің ғылымдағы атақ-даңқы мен «егер мен Мысырда болсам, Ніл өзенінің тасуы мен тартылуына байланысты пайдалы бір іс істер едім, естуімше, бұл өзен Мысырдың жоғары аймақтарынан ағып келеді екен» деген сөзін бұрыннан естіген болатын. Сондықтан да ол ұлы ғалымның Мысырға келуін қатты қалады. Осы мақсатына жету үшін ғалымға астыртын түрде сый-сияпат жіберіп, өзінің еліне келуге құлшындырады.

      Сөйтіп, ақырында Ибн әл-Һәйсәм кесімді шешімін қабылдап, Мысырға жеткен кезде, халифа әл-Хаким оны үлкен қошеметпен қарсы алып, құрметтеп, қонақасы береді. Содан кейін алыс сапардан келген құрметті мейманның біраз демалуына мұрсат береді.

      Ибн әл-Һәйсәм тынығып алған соң халифа оның Ніл өзеніне байланысты бұрынғы жоспарын іс жүзіне асыруын сұрайды. Ғұлама Мысырдың мықты сәулетшілері мен инженерлерін алдыртады. Сосын халифаның басқаруымен осы топпен бірге Ніл өзенінің жағалауын жағалап, зерттеу-барлау жұмыстарын жүргізеді. Зерттеу жұмыстары кезінде ол ежелгі мысырлықтар салып кеткен көне ескерткіштердің біразымен танысады. Асқан шеберлікпен салынған құрылыстарды көріп таң қалған ғалым ойындағы жоспарының адамзат тарихындағы алғашқы жоспар еместігіне көз жеткізеді. Осыдан кейін оның ойы шашырап, халифаға берген уәделі жоспарында көптеген қателіктерге бой алдырады. әсіресе, Асуан аймағында барып, Ніл өзенінің жағалауларын әрі-бері барлап көрген соң ойындағы жоспарының орындалу қиын іс екендігін ұғынады.

      Ақырында, Ибн әл-Һәйсәм халифа әл-Хаким биәмрилләһке барып жоспарының орындалуының қиындығын айтып, сол үшін кешірім сұрайды. Халифа кешірімін қабыл алып, оны өзінің сарайының іс басқарушысы етіп тағайындайды. Халифаның ашуына қалудан қауіптенген Ибн әл-Һәйсәм бұл лауазымды өзі қаламаса да амалсыздан қабыл алады. Өйткені ол әл-Хаким биәмрилләһтің өте қатыгез әмірші екендігін бұрыннан білетін. Дегенмен ұлы ғалым бұл лауазымнан аман құтылудың амалын іздейді. Сол үшін өзін ақыл-есінен ауысқан жынды адам қылып көрсетуге тырысады. Біраз уақыттан соң Ибн әл-Һәйсәмның есалаң екендігі туралы қауесет жұрт арасында тарап та кетеді. Бұл хабарды анықтаған халифа әл-Хаким оның мал-мүлкін тәркілеп, үйінен шығармай қояды. Қасына қызмет ететін бір малайды жібереді. Халифа әл-Хаким қайтыс болғанша Ибн әл-Һәйсәм осы халде болады.

      Халифа қайтыс болған соң Ибн әл-Һәйсәм қайтадан ақылды қалпына келеді. Тәркіленген мал-мүлкі қайтарылып беріледі. Бұрынғы ғылыми ізденістерін қайта бастайды. Біраз уақыттан соң үйінен шығып, әл-Азһар мешітінің бір бұрышын қоныстайды. Сол жерде Құдайға құлшылық қылып, тақуалықпен ғұмыр кешіп, ғылыммен шұғылданады. Математика ғылымы саласында бірнеше кітаптар жазып шығады. Орташа есеппен бір жылда үш кітап жазады. Жазып шыққан кітаптарын жүз елу динарға сатады. Бұл қаражат оның келесі жылға дейінгі қажеттеріне жететін. Ибн әл-Һәйсәм һижраның 430 жылы қайтыс болғанға дейін Каир шаһарында осылайша ғұмыр кешті.

 Ибн әл-Һәйсәмнің ғылыми ізденістері мен еңбектері

       Ибн әл-Һәйсәм өзінен бұрынғы ғалымдардың еңбектеріне, әсіресе, оптика саласында жаңа, тың дүниелер қосқан ғалым. Оның ғылыми ізденістері оқып-зерттеу, салыстыру, тәжірибе және бақылау әдістеріне негізделген.

      Ибн әл-Һәйсәм әрбір нәрсенің ақиқатын, сырын іздеуге, білімін жетілдіріп, молайтуға өте құштар болды. Сонымен қатар өзі оқыған, білген мәселелеріне сыни көзбен қарауға бейім болатын. Сондықтан да әрбір ілімді оның түп негізінен оқып-білуге қатты тырысатын. Бұл туралы өзі: «Мен жастайымнан адамдардың түрлі нанымдарына сыни көзбен қарадым. Әрбір топ өздерінің көзқарастарындағы қатты берілген еді. Мен сондай топтардың барлығына күмәндана қарадым. Өйткені, мен ақиқат жалғыз біреу ғана деп сенетінмін. Ал ақиқатқа жету жолдары түрліше болып келеді.

      Мен ақыли өлшемдерді анық түйсінген сәтімде ақиқатты іздеу жолына тұтастай берілдім. Барлық күш-жігерімді сансыз ойлар мен күдікшілдің күмәнінің астында жасырын қалған ақиқатты айқындауға жұмсадым. Сонда ғана мен ақиқатқа түп негізі көрінетін дүниелер мен ақыли дәлелдерден тұратын пікірлер арқылы ғана жететінімді ұқтым», – дейді.

      Осындай мақсатпен Ибн әл-Һәйсәм философия ғылымдарына ден қойды. Ол кездегі философия ғылымы деп математика, физика, теология ғылымдарын атайтын. Бұл ғылымдар ақиқатқа жетуге, барлық дүниелік істерде әділдікпен амал етуге жеткізетін. Әділдік – қайырлықтың өзі, онымен осы дүниеде амал еткен жан ақыретте де игілікке қол жеткізеді.

      Ибн әл-Һәйсәм ғылыми күмәннан айқын ақиқатқа жету жолында аянбай еңбек етті. Ақиқатқа жету көп ізденуді, мол білімді қажет етеді. Ал мол білім оқу, жазу, материалдық құбылыстарды бақылаумен ғана емес, сонымен қатар көп тәжірибе, логикалық сараптама жасаумен келеді. Сондықтан да ұлы ғұлама әрбір шешімді немесе ғылыми аксиоманы тек нақты тәжірибені жүзеге асырғаннан кейін ғана жасайтын. Ол әрбір мәселенің шындығын табу үшін көп тер төкті. Сондықтан да оның бір ғана ғылыми тақырыптағы зерттеуінің өзі көптеген тарауларға созылып кететін. Әрбір еңбегінде сол тақырыпта бұрын-соңды айтылған сан алуан пікірлерді топтастырып, қызу пікірталас жасайтын.

 Ғылыми еңбектері

       Ибн әл-Һәйсәм артына аса құнды мол ғылыми мұра тастап кеткен ғұлама. Оның кітаптары мен зерттеулерінің ұзын саны жетпіске барып жығылады. Атап айтар болсақ, әл-Маназир, Кәйфиәт аз-Зилал, Мақала фи ад-Дау, Фәлсәфәт ад-Дау уа маһиатуһу уа кәйфиәт интишариһ уа науамисиһ, әл-Марайа әл-Мухриқа, әл-Әшкәл әл-Һиләлия, Иртифаат әл-Кәуәкиб, Талхис китаб Аристу фил-хайуан және тағы басқа математика, философия, медицина, филология, астрономия сияқты сан алуан ғылымдарда жазылған еңбектері.

      Ұлы ғалымның тек математика ғылымдары саласында жазған еңбектері жиырма бес кітап. Олардың дені математикалық есептеу, геометриялық денелер, аудан, инженерлік есеп-қисаптарды қарастырады. Содан кейін логикалық өлшем, болмыс және жан, олардың ақиқаты мен ахуалдары, сезімдер туралы қырық төрт түрлі кітап жазған.

      Дей тұрғанмен, Ибн әл-Һәйсәмнің атын әлемге паш еткен еңбегі оптика саласында жазған әл-Маназир кітабы. Ол бұл еңбегінде жарық-сәулелердің табиғатын, оған байланысты мәселелерді адамзат тарихында алғаш рет анықтап, ашып көрсетеді.

      Сәуле-жарықтың табиғаты жөніндегі ғылыми пікірі мен ой-толғаныстары автор аталмыш кітабында былай дейді: «Сәуле дегеніміз: біріншіден, шыққан тегі жарық шығарушы дене немесе ол адамның көзі сезетін өткір нәрсе; екіншіден, ол табиғатта бар құбылыс; үшіншіден, сәуленің пайда болу үдерісі біраз уақытқа созылады да, ол сәуле өткізгіш дене арқылы басқа затқа ауысады; төртіншіден, сәуленің өзіне тән аса күшті жылдамдығы бар; бесіншіден, сәуле бір нәрсеге түсіп, басқа затқа ауысса да бірінші жылдамдығы өзгермейді; алтыншыдан, егер қатты, қалың заттан жұмсақ, жіңішке затқа түссе сәуленің жылдамдығы өте күшті болады; жетіншіден, егер алдынан бір кедергі кездеспесе, сәуле түзу сызықтар түрінде барлық тарапқа бірдей шашылады; сегізіншіден, сәуленің түсу бұрышы мен оның басқа затқа ауысуының арасында байланыс бар».

      Ибн әл-Һәйсәмнің әл-Маназир кітабының ғылыми құндылығын бағалаған Батыс елдері миләди он екінші ғасырдан бастап оны оқып-зерттеуге ден қояды. Олардың зерттеушілері бұл еңбекті өз тілдеріне аударады. Он үшінші ғасырда құнды еңбек Европа тілдеріне екінші рет аударылды. Жалпы европалық астроном ғалымдар он бесінші ғасырдан бастап Ибн әл-Һәйсәмді жақсы біледі.

      Ал Шығыста парсы ғалымы Кәмәлуддин Әбулхасан (һижрамен 720 жылы қайтыс болған) әл-Маназир кітабына түсіндірме жазып, кітаптың соңына сәуленің түсуі мен қисаюына байланысты өзінің ғылыми зерттеулерін қосты.

      Сондай-ақ, парсы жұртының атақты философы, математигі әрі мәшһүр ақыны Омар Хайям да (Һижри 432 ж. туылған) Ибн әл-Һәйсәмнің әл-Маназир кітабын аса жоғары бағалап, басты назарын осы еңбектегі математикалық һәм геометриялық мәселелеріне аударды. Оны, әсіресе, кубтардың сызбалары мен оларға байланысты өлшемдер қатты қызықтырды.

      Иә, расында да Ибн әл-Һәйсәм нағыз энциклопедиялық данышпан ғұлама. Ол ежелгі грек астрономы Клудиус Батлеймостан (б.д.д. 168-90ж.ж.) кейінгі оптика ғылымының іргетасын қалап, ғылым ретінде қалыптастырған ғалым.

      Ибн әл-Һәйсәм зеректік қабілетімен, жаңашылдығымен өзінің замандас ғалымдарын тамсандырып, мойындата білді. Нәтижесінде Батыстың да, Шығыстың та ғалымдары өз еңбектерінде оның ерекше құрмет тұтып, еңбегін жоғары бағалаған.

      Мысалы, ол туралы француздың шығыстанушы ғалымы Лусиан ле Клерк өзінің Араб медицинасының тарихы атты еңбегінде: «Расында да ол (Ибн әл-Һәйсәм) нағыз энциклопедист ғалым, ғылым тарихындағы қайта жаңғыру кезеңінің көшбасшысы және бүкіл адамзаттың ортақ мақтанышына айналған ірі тұлғалардың бірі», – деген.

      Ал ағылшын ғалымы Сартон өз еңбегінде ұлы ғұлама туралы мынадай жылы лебізін білдіреді: «Ол ұлы физик ғалымдардың бірі ғана емес, сонымен қатар осы ғылым саласындағы орта ғасырлық ғалымдардың ең шоқтығы биік бірегейі әрі барлық ғасырлардағы оптика саласын зерттеушілердің ең атақтысы».

      Орта ғасырларда араб тіліндегі ғылыми еңбектерді европалық тілдерге аудару мақсатында араб тілін үйрену үшін сол кездері мұсылмандардың қол астында болған Испанияның Толедо қаласына көшіп келген және кейінірек араб тіліндегі гректің ежелгі астроном ғалымы Батлеймостың әл-Миджасти кітабын латын тіліне аударған итальян ғалымы Майерхоф: «Ибн әл-Һәйсәмтің ғылыми пікірлері құндылығы жағынан оптика ғылымының одан бұрынғы атақты ғалымдары Батлеймос пен Эклидиустың пікірлерінен асып түсті», – деп мойындайды.

      Шындығында да Ибн әл-Һәйсәм оптика ғылымын ерекше зерттеді. Сәуленің көрінуі туралы бұрыннан бері қалыптасқан қате пікірді түзетті. Ол пікір бойынша сәуле адамның көзінен көрінетін затқа түседі деп есептелетін. Ал Ибн әл-Һәйсәм сәуле керісінше өзі шыққан заттан адамның көзіне түсіп, әсерін береді деген пікірін айтты.

      Ибн әл-Һәйсәм сонымен қатар көлеңке құбылысы туралы да құнды зерттеулер жасаған. Ол қараңғыланған бөлмеге бір тесіктен жарық түсіріп, сәулелердің түсу жолын мұқият бақылайды. Көлеңке құбылысын қадағалау арқылы сәуленің сәулеленген затқа түзу сызықтармен түсетіндігін дәлелдейді.

      Сондай-ақ, Ибн әл-Һәйсәм сәуленің сыну құбылысын да зерттеген. Сол зерттеулерінің нәтижесінде ол сәуленің сынуының екінші заңын ашты. Ол заң мынадай: сынық сәуле мен түсу нүктесінің арасында орналасқан жазықтыққа түскен сәулелер бір деңгейде түседі.

      Ибн әл-Һәйсәм сәуленің айнаға түсуі туралы да зерттеді. Күн мен айдан, жұлдыздардан түсетін сәулелердің әуе қабаттарында сыну құбылысын түсіндіріп берді.

      Иә, шын мәнінде де ол ұлы ғұлама, бүкіл мұсылмандардың ортақ мақтанышы. Күллі адамзаттың ғылыми жетістіктеріне сүбелі үлес қосқан біртуар даналарымыздың бірі. Алла Тағала осы ғұламаның ғылымға, мұсылман қауымына сіңірген ересен еңбектері үшін рахымына бөлеп, разы болғай.

Жоғары