ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Кез-келген халықтың өзіне тән әдет-ғұрпы бар ма?

Сұрақ: Кез-келген халықтың өзіне тән әдет-ғұрпы бар ма?

Жауап: 

Әрбір өркениеттің, әрбір ұлттың өзіндік дүниетанымы бар. Түрлі халықтардың тарихын зерттеген ғалымдар жер бетінде ешқашан дінсіз, наным-сенімсіз ел болмағандығына анық көз жеткізді.

Адамзат түрлі халықтардан, ұлт пен ұлыстан тұрады. Әрқайсысының өзіне тән ұлттық ерекшеліктері, тілі мен дәстүрі, діни нанымдары бар. Мұндай алуан түрлілік Алла Тағаланың хикметі.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنْثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ﴾

Жаратқан Ие былай дейді: «Әй, адам баласы! Шүбәсыз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам мен Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық. Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың. Шәксіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы»[1]. Осы аятқа зер салсақ, мынадай қорытынды шығарамыз. Құдай Тағала адамзатты түрлі ұлттарға бір-бірлерін танулары үшін  бөлген. Бір-бірін тануы арқылы олар өздерін таниды, ал өздерін танулары арқылы Жаратушыны таниды. Жер бетіндегі қаншама миллиондаған адамдардың түбі – бір, барлығы Адам атадан тарайды. Сондықтан да мұсылмандар басқа ұлттарды көргенде шарапатты аят-хадистерге сүйеніп: «Бәріміздің тегіміз – Адам ата, ал оның тегі – топырақ», – деп айтады.

Адамзаттың Алла Тағаланың алдындағы ең қадірлі тобы болып саналатын мұсылман үмбетінің өзі неше түрлі ұлт-ұлыстардан құралған. Пайғамбар (с.а.с.) арабтан болып, Құран арабша түсті дегенмен мұсылмандардың барлығы арабтар емес. Керісінше, қазірде арабтар мұсылмандардың азғантай бөлігі болып саналады. Әлемде екі миллиардқа жуық мұсылман бар десек, соның үш жүз миллиондайы ғана арабтар. Ал бір Үндістанның өзінде үш жүз миллионға жуық мұсылман бар.

Енді осы мұсылман халықтарының әрбірінің тұрған жеріне, аймағына қарай өзіне тән нәсілдік, тілдік, ұлттық ерекшеліктері бар. Бірақ барлығының діні, танымдық тұғыры бір болғандықтан салт-дәстүрлері, мәдениеті ұқсас болып келеді. Өйткені бәрінің наным-танымы Құран мен хадиске негізделген.

Орналасқан ортасына, табиғатына қарай әрбір мұсылман халқының өзіндік айырма белгілері, мәдениеті, тілі бар. Шариғат бұл айырмашылықтарды теріске шығармайды. Керісінше, заманы мен мекеніне қарай пәтуалардың өзгеруі мүмкіндігін ескертеді.

Мұсылман халықтарының салт-дәстүрлерінің бәрі бірдей шариғат шарттарына сай келе бермейді. Олардың арасында надандық дәуірден қалған, мұсылманшылықпен қабыспайтын сарқыншақтар да болуы ықтимал.



[1] Хужурат сүресі, 13-аят.


Жоғары