ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
БАЛАҒА АТ ҚОЮ КІМНІҢ ҚҰҚЫҒЫ

 

Балаға ат қою – әкенің құқығы. Шариғат бойынша, шешеге қарағанда бұл құқыққа әке лайықтырақ. Себебі, балаға тікелей жауапты адам – әкесі. Бала әкеге тиесілі болып табылады. Бұл жөнінде Құранда былай айтылады:


وَعَلَى الْمَوْلُودِ لَهُ رِزْقُهُنَّ وَكِسْوَتُهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ


Бала емізетін аналарды ас-ауқат және киім-кешекпен шариғатқа қайшы келмейтін қоғамдағы ғұрыпқа сай лайықты түрде қамтамасыз ету – баланың әкесінің міндеті[1].


Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен  сәлемі болсын) өз сөзінде:


مِنْ حَقِّ الْوَلَدِ عَلَى الْوَالِدِ ثَلَاثَةُ أَشْيَاءَ: أَنْ يُحْسِنَ اسْمَهُ إِذَا وُلِدَ، وَيُعَلِّمَهُ الْكِتَابَ إِذَا عَقَلَ، وَيُزَوِّجَهُ إِذَا أَدْرَكَ


«Баланың әкесіндегі ақысы үшеу: дүниеге келгенде әдемі есім қою, ақылы кіргенде Кітапті (дінді) үйрету және ер жеткенде үйлендіру» [2], - дейді.


Дегенмен, бір отбасы болғандықтан өзара ақылдасып, бірауыздан келісіп, балаға әдемі ат таңдаған жақсы болады. Алла Тағала өзінің кітабында мүміндердің сипатын былай баяндайды:


وَأَمْرُهُمْ شُورَى بَيْنَهُمْ


«Олар барлық істерін өзара кеңесе отырып істейді»[3].


Қазақ дәстүрінде балаға ат қою көбінесе ата-әжеге табысталады. Себебі, қазақтың «Қарты бар үйдің – қазынасы бар», - деген мақалы бекер айтылмаған.


Немере туғанда әке сый-құрмет ретінде ат қою ақысын өз әкесіне табыстайды. Өйткені, әке баланың өмірге келуінің себепшісі.

 



[1] Бақара сүресі, 233- аят.

[2] Ас-Самарқанди, Танбих ал-ғафилин 152-хадис.

[3] Шура сүресі, 38- аят.

Жоғары