ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ДАСТАРҚАН БАСЫНДА «БИСМИЛЛӘ» ДЕП АЙТУ МІНДЕТ ПЕ?

 

Фиқһ ғалымдары тамақтанудан алдын «бисмиллә» немесе «бисмилләһир Рахманир Рахим» деп айту сүннет амал дейді. Ал, егер басында айтуды ұмытып кетсе, есіне түскен кезде «бисмиллә әууалуһу уә әхируһу» деп айтқан дұрыс. Ибн Құдама: «Тамақтану кезінде «бисмиллә» айту және тамақтанып болған соң «әлхамдулилләһ» деп айту мұстахаб» [1], - дейді. Бұл жөнінде Омар бин Әбу Сәләма (р.а.) былай дейді: «Пайғамбармен (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бірге ас іштім. Қолымды ыдысқа салғанымда:


سَمِّ اللَّهَ، وَكُلْ بِيَمِينِكَ، وَكُلْ مِمَّا يَلِيكَ


«Алланың есімін тіліңе ал (бисмиллә де), оң қолыңмен тамақтан және өз алдыңнан ал», - деді» [2], - дейді.


Айша (р.а.) анамыз риуаят еткен хадисте:


إِذَا أَكَلَ أَحَدُكُمْ فَلْيَذْكُرِ اسْمَ اللَّهِ تَعَالَى فِي أَوَّلِهِ ، فَإِنْ نَسِيَ أَنْ يَذكُرَ اسَمَ اللَّهِ تَعَالَى فِي أَوَّلِهِ فَلْيَقُلْ: بِسْمِ اللَّهِ فِي أَوَّلِهِ وَآخِرِهِ


«Сендер тамақтанатын болсаңдар, Алланы зікір етіңдер. Егер басында Алланы тілге алуды ұмытса, онда «бисмиллә әууалуһу уә әхируһу» деп айтсын[3]», - делінген.


Ал енді, ас ішіп болған соң «әлхамдулилләһ» деп айтумен бірге мынадай дұғалар жасауға болады: Мұғаз бин Әнас (р.а.):


مَنْ أَكَلَ طَعَامًا ، ثُمَّ قَالَ: اَلْحَمْدُ لِلَّهِ الَّذِي أَطْعَمَنِي هَذَا الطَّعَامَ وَرَزَقَنِيهِ مِنْ غَيْرِ حَوْلٍ مِنِّي وَلا قُوَّةٍ


«Кімде-кім ас ішсе: «әлхамду лилләһи әлләзи атоғамәни һәзә уә разақаниһи мин ғойри хаулин минни уә лә қууатин» (мағынасы: Мына ризықты ешбір күш-қуат жұмсамай маған ішіп-жегізген Аллаға сансыз мақтаулар) деп айтатын болса, әуелгі қате-күнәсі кешіріледі[4]», - деген.


Қорыта айтқанда, тамақтану кезінде аталмыш зікір және дұғаларды айту – сүннет амал. Бірақ міндет емес. Асты ішер алдын «бисмиллә» сөзін айтуды ұмытып қалса есіне түскенде «бисмилләһи әууалуһу уә әхируһу» деп айту керек.

 

 

Махамбет Бисенов

Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы

 



[1] Муғни

[2] Бухари, №5061.

[3] Әбу Дәуіт, №3767.

[4] Әбу Дәуіт, №4023.


Жоғары