ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
АЛЛЕРГИЯСЫ БАР АДАМДАР ОРАЗАНЫ ҚАЛАЙ ҰСТАЙДЫ?

 

Жалпы аллерголог мамандар аллергияның көптеген түрлері барын айтады. Олардан емделу тәсілдерінің кей бірі оразаны бұзатын табиғи жолдар саналатын ауыз, мұрын, тік ішек сынды жолдар. Бұл жолдар арқылы сырттан кіріп, іште қалған әрбір зат оразаны бұзады.


Сондықтан аллергиясы бар адамдар мыналарды ескергені жөн:


1. Ораза ұстайтын уақыттан бұрын, алдын ала оразаға дайындалып, ем шараларын жасап, аллергиясының әсіресе Рамазан айында болдырмау жолдарын қарастырғаны абзал. Аллерголог мамандар кісі аллергиядан толық жазылып кете алмаса да, кей түрлерін ем алу арқылы уақытша тоқтатуға болатынын айтады.  


2. Рамазан айы келгенде аллергиясы себепті ораза ұстауына қиындық туса, аузын ашпай, ораза бұзылмайтын тәсілдермен емделуді амалдап көргені абзал. Аллергиясына алатын емдерін барынша ауыз жапқанға дейін, және ауыз ашқаннан кейінгі сәттерге қалдыру. Мүмкін болмаған жағдайда дәрілердің тамаққа кетіп қалмайтын жолдарын қарастыру. Егер укол сынды екпелермен емделер болса адамға күш-қуат, нәр бермейтіндігіне дәрігерлердің кеңесімен көз жеткізу.


3. Оразаны бұзбайтындай еш амалы болмаған жағдайда, ауру ретінде оразасын аллергиясы қозбайтын уақытта қазасын өтеп беру ниетімен ораза ұстамауына рұқсат етіледі. Аллергияға үздіксіз демікпесі барлар, ем шаралары көмектеспеген жағдайда жазылғаннан кейін қаза қылып өтейді.  


Аллергияның оразаға тән тұстарының бірі тыныс алу жолдары бітелгенде мұрын мен тамақ арқылы демікпесіне тамызғы немесе спрей (шашу арқылы) емделу. Ханафи фиқһында: «Тамызылған дәрі ішке кетпей, мұрында тұрақтап қалатын болса, оразаны бұзбайды»[1] - делінген. Сондықтан барынша сақтық жасап өте аз мөлшерде тамызған жөн. Егер байқаусызда тамаққа кетіп қалатын болса сол күн үшін, Рамазаннан кейін бір күн ораза өтеледі.


Тамаққа не мұрынға тамызғы кетіп қалу қаупі болғандықтан мұрынға иіскейтін, немесе мұрын мен тамаққа спрей сынды шашатын түрін аздап қолдануға болады.

 

 

Жеңіс Әбибуллаұлы,

Қызылорда облысы бойынша пәтуаға жауапты маман



[1] Ибн Абидин, Раддул Мухтар № 6/285.

Жоғары