





ДІНИ БАСҚАРМАСЫ

Мәһір (қалыңдық ақысы) – әйел затының неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы[1]. Алла Тағала Құранда былай дейді:
وَآتُواْ النِّسَاء صَدُقَاتِهِنَّ نِحْلَةً فَإِن طِبْنَ لَكُمْ عَن شَيْءٍ مِّنْهُ نَفْسًا فَكُلُوهُ هَنِيئًا مَّرِيئًا
«Үйленентін әйелдеріңе мәһірлерін шын көңілдерінен тарту етіңдер»[2].
Ханафи мәзһабында мәһір беру – уәжіп[3]. Бірақ мәһір некенің негізгі шарттарына кірмейді. Шаңырақ құрып жатқан ер мен әйел мәһірді белгілемей неке қиса да, мәһірсіз үйленуге келіссе де неке дұрыс саналады[4].
Алла Тағала Құранда былай дейді:
لاَّ جُنَاحَ عَلَيْكُمْ إِن طَلَّقْتُمُ النِّسَاء مَا لَمْ تَمَسُّوهُنُّ أَوْ تَفْرِضُواْ لَهُنَّ فَرِيضَةً
«Егер әйелдерді оларға жақындаспай тұрып немесе оларға міндеттіні (мәһірін) белгілемей тұрып талақ қылсаңдар, сендерге еш күнә артылмайды»[5].
Аятта мәһір белгілемей талақ берілудің дұрыс екендігі айтылған. Әрине талақ берілу үшін міндетті түрде дұрыс неке қиылу тиіс. Демек, бұл үйлену барысында мәһірдің аталмауы некенің дұрыстығына кедергі болмайтындығын білдіреді[6].
Сондықтан мәһірді белгілемей немесе мәһірді бермеу шартымен неке қию некенің дұрыстығына кедергі болмайды.
[1] Мухтар ас-сихах ибни Абидин, 3/100.
[2] «Ән-Ниса» сүресі, 4-аят.
[3] Фатху әл-қадир, 3/304.
[4] Қадри Баша, Ахуалу әш-шахсия, 189.
[5] «Бақара» сүресі, 236-аят.
[6] Қадри Баша, Ахуалу әш-шахсия, 190.
