ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ПАЙҒАМБАРЫМЫЗБЕН (ﷺ) ТӘУӘССУЛ ЖАСАУҒА БОЛА МА?

 

Тәуәссул – араб тілінде «жақындау, біреуге бір іс-әрекетпен жақындататын нәрсе» дегенді білдіреді[1]. Ал терминдік мағынасы: «Біреуден дұға талап ету арқылы Аллаға жақындау, сондай-ақ Алланың көркем есімдерімен, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немесе салиқалы құлдардың құрметін себепкер етумен Аллаға дұға  жасау»[2]. 


Жұмһур ғалымдары (Ханафи, Мәлики, Ханбали)  Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәуәссул жасаудың (көзі тірісінде де, қайтыс болғаннан кейін де) болатындығына бірауыздан келіскен[3]. Өйткені Алла құзырында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәрежесі жоғары болғандықтан, онымен тәуәссул жасаудың оқасы жоқ. Бұл Құрандағы мына аяттың құрамына кіреді. Ол туралы Алла Тағала былай дейді:


يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَابْتَغُوا إِلَيْهِ الْوَسِيلَةَ


«Уа, иман келтіргендер! Аллаға тиісінше тағзым етіңдер һәм Оған қарсы келуден барынша сақтаныңдар. Оған жақындай түсудің жолын (себебін) іздеңдер»[4].


Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Осман ибн Ханифке үйреткен мына дұғасы да тәуәссулге дәлел болады:


اللهم إني أَسألُكَ وأَتَوَجَّه إليكَ بنبيكَ محمدٍ نبي الرحمة، يا محمد إني قد توجَّهت بك إلى ربي في حاجتي هذه لتقضى، اللهم فشفعه فِيَّ


«Уа, Алла! Мен Сенен әлемге рақым етіп жіберілген пайғамбарың Мұхаммедтің құрметіне жалбарынып сұраймын. Уа, Мұхаммед! Мен сенің құрметіңді тілге тиек етіп мұқтаждығымның өтелуі үшін Раббыма бет бұрдым. Уа, Раббым! оны маған шапағатшы ете гөр»[5]. Бұл хадистің дәрежесі – сахих.


Кәмәл ибн Һумәм (Алла өзінің рақымына бөлесін) өз сөзінде:


يسأل الله تعالى حاجته متوسلا إلى الله بحضرة نبيه عليه الصلاة والسلام


«Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құрметін себепкер етуімен өз қажеттіліктерін Алла Тағаладан жалбарынып сұрайды»[6], – дейді.


Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әһлі бәйтімен және әулие құлдарымен де тәуәссул жасауға рұқсат етіледі. әл-Бәһути салиқалы құлдармен тәуәссул жасаудың оқасы жоқ екендігін баяндап, Ахмад инб Ханбалдың дұғасында Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және одан басқасымен тәуәссул жасағандығы туралы дерек келтірген[7].  


Қорыта айтқанда, Алланың көркем есімдерімен, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немесе салиқалы құлдардың құрметін себепкер ету арқылы Аллаға тауассул жасауға рұқсат етіледі.

 



[1] Лисану әл-араб, 11/724. Мухтару әс-сахих, 338.

[2] Әл-мәусуғату әл-фиқһияту әл-куейти, 14/149. Тәфсиру әл-Алуси, 6/124. 

[4] «Мәйда» сүресі, 35-аят.

[5] Тирмизи, №3578.

[6] Фәтху әл-Қадир, 3/181.

[7] Кәшшәфу әл-қанағ, 2/73. Әл-инсаф, 2/456.

Жоғары