ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ЖАНУАРЛАРДЫҢ АТАЛЫҚ ҰРЫҒЫН САТУ ҮКІМІ

 

بسم الله الرحمن الرحيم

الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.

Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

 

Малдың ұрықтануы табиғи (шағылыстыру) немесе жасанды (қолдан ұрықтандыру) жолмен жүзеге асады. Бүгінгі таңда малды қолдан ұрықтандыру әдісі ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылуда.

Шариғат бойынша табиғи жолмен шағылыстыру ақысыз өтелуі тиіс.

Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын) келтірген хадисте:

نـَهَى رسولُ الله صلَّى الله عليه وسلَّم عَنْ عَسْبِ الفحل

«Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) малдың ұрығын сатуға тыйым салды», – делінген[1]. Ғалымдар хадистегі «асб» сөзін: «еркек малдың ұрғашы малға шабуы», «малдың ұрығы», «пайда болатын төлі», «малды қашыру үшін төлемақы алу» деп түсіндірген[2].

Ал сахаба Жәбир ибн Абдулла (Алла оған разы болсын):  

نـَهَى رسولُ الله صلَّى الله عليه وسلَّم عَنْ بيعِ ضِرَابِ الجمل

«Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түйені қашыру үшін төлемақы алуға тыйым салды»[3], – деген.

Жұмһур (көпшілік) ғалымдар (ханафи, шафиғи, ханбали) жоғарыдағы келген хадисті дәлелге ала отырып «малды қашыру үшін жалға беру дұрыс емес» деген[4].

Ал Имам Мәлик: «Малды қашырудың мерзімін шектеп (бір жыл, бір ай т.с.с.) келісімшарт жасалса, жалға беруге болады. Алайда «ұрғашы малдың буаз болғанына дейін» деп мерзімін көрсетпей келісімшарт жасауға рұқсат етілмейді»[5], – деген. 

Малды шағылыстыру үшін ақы алудың дұрыс еместігін ғалымдар мына себептерге байланысты айтқан:

1. Ұрықтың зат секілді өзіндік құны жоқ.

2. Ұрық қолма-қол тапсыруға жататын зат емес. Мұнда еркек мал іс жүзінде ұрғашы малға шағылыспауы мүмкін. Сонымен қатар ұрғашы малдың буаз болуына кепілдік жоқ. Бұл ғарарға (алдауға) алып барады[6].  

3. Келісімшарт жасаған кезде ұрықтың қолда болмауы және мөлшерінің белгісіз болуы. Шариғатта белгісіз нәрсеге келісімшарт жасалмайды[7].

Қазіргі уақытта еркек малдың ұрығы арнайы ыдыста (капсула) сақталып, бір жерден екінші жерге тасымалданады және сауда заты ретінде бағаланады. Мұнымен қоса малды ұрықтандыру ісі жеке қызмет ретінде қаралады.

Шариғатта мынадай қағида бар:

يجوز تبعاً ما لا يجوز استقلالاً

«Жеке дара рұқсат етілмеген іске, соған қатысты іспен байланысқан жағдайда рұқсат етіледі». Сондықтан осы қағидаға сүйене отырып, қолдан ұрықтандырып отырған адам малды емдеуге ақы алған дәрігер секілді қызметіне ақы алуына болады.

 

 

ҮКІМ:

1. Малды табиғи жолмен шағылыстыру үдерісі ақысыз болу қажет.

2. Малды қашырудың мерзімін нақты көрсетіп жалға беруге рұқсат етіледі. Алайда «ұрғашы мал буаз болғанға дейін» деп, келісімшарт жасау дұрыс емес. Сонымен қатар келісімшартта еркек малдың күтімі (жемі, шөбі, орны т.б.) туралы талаптар анық көрсетілуі керек және малға ешқандай зиян тимеуі шарт.

3. Алдын ала шарт жасаспаған жағдайда ұрғашы малдың иесі өз еркімен, сыйақы берсе, оны алуға рұқсат етіледі.

4. Келісімшарттың объектісі малдың ұрығы емес, жүзеге асыратын маманның қызметіне қатысты жасалады.

 

 


 

[1] «Фәтх әл-бәри шарху Сахих әл-Бухари», 5/2904.

[2] «Тәж әл-урус», 2/231.

[3] «Шарх ән-Нәуауи алә Сахих Муслим», 4/177.

[4] «Радду әл-Мухтар ала әд-дурри әл-Мухтар», 9/75,  «Муғни әл-Мухтаж», 2/335, «Ғаяту әл-Мунтаһа», 2/197.

[5] «Әл-Мудауана» 3-том, 58-бет.

[6] «Мирқат әл-мәфатих шарху Мишкат әл-Мәсабих», 9/330.

[7] «Әл-Муғни ибн Құдамә әл-Мақдиси», 4/300.

 

Жоғары